АҚШ пен Иран өткен демалыс күндері бір-біріне тиесілі және тараптармен байланысы бар танкерлерге ауқымды шабуыл жасады. Bloomberg мәліметінше, бұл танкерлерге жасалған ең ірі өзара соққылардың бірі болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға алты айдан бері жалғасып келе жатқан қақтығысты одан әрі ушықтырып, мұнай бағасының өсуіне әсер етті. Сонымен қатар Ормуз бұғазы арқылы жүк тасымалдау айтарлықтай қиындаған.
АҚШ тарапы Иранның үш танкеріне соққы жасағанын мәлімдеді. Олардың бірі – «Кайло» танкері Оман шығанағында суға батып, тағы екі кеме зақымданған.
Иран да АҚШ-пен байланысы бар үш кемеге және америкалық ұшқышсыз ұшу аппараттарына шабуыл жасағанын хабарлады.
Қазір Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысы өте шектеулі. Kpler дерегінше, сенбі күні бұғаз арқылы небәрі бір жүк кемесі өткен.
Аймақтағы қауіпсіздік жағдайы тұрақсыз күйінде қалып отыр. Халықаралық ресми ескертулерде де әскери соққылардың жалғасып жатқаны және әуе әрі теңіз қатынасының шектелу қаупі бар екені айтылған.