Әнші Сиви Махмудидің экс-күйеуі 5 жылға сотталды

Қаракөз Амантай 22 сәу. 2025 16:19 397

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты әнші Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі — Аңсар Қажмұханұлына қатысты үкім шығарды. Ол аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Іс мән-жайы

Сот материалдарына сүйенсек, сотталушы К. жәбірленуші А.-ның туысы өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын, оның тергеу изоляторына қамалғанын біліп, полиция қызметкерлерінің арасында іс жүзінде таныстары жоқ бола тұра, қалыптасқан жағдайды пайдаланып, әрекетін ауырдан неғұрлым жеңіл жазаға саралау мәселесін шешу үшін полиция қызметкерлеріне беремін деп жалған айтып, алаяқтық жолымен А. және оның туыстарының 50 мың АҚШ доллары сомасындағы ақша қаражатын жымқырған.

“Осылайша, К. жәбірленушілерге аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген.

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, беттестіру хаттамасымен, сот-психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындысымен дәлелденді”, — делінген сот хабарламасында.

Тараптардың ұстанымы

Мемлекеттік айыптаушы К.-ны 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраса, қорғаушы тарап оның кәмелетке толмаған балалары барын және жасаған ісіне өкінетінін ескере отырып, жазаны жеңілдетуді сұраған.

Сот шешімі

ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 5-тен 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Сот үкімімен:

Сот үкімімен К. ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталды.

– Айыпталушының кішкентай балаларының болуы, кінәсін мойындап, шын жүректен өкінуі – жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілді;

– Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты, судья – Жұмаксанов Елдос қарады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар