17-20 шілде аралығында Алматыда ауа температурасы 40 градустан асып, электр желілеріне түсетін жүктеме күрт артты. Тұрғындардың кондиционерлер мен өзге де электр құрылғыларын жаппай пайдалануы салдарынан қалада жарықтың жиі сөну жағдайлары көбейді, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Алатау Жарық Компаниясының" BES.media агенттігіне берген жауабында апаттардың негізгі себебі электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі мен жабдықтардың тозуы екенін жеткізген.
Компанияның түсіндіруінше, бір учаскедегі ақау жойылып жатқанда, басқа желілерде де істен шығу жағдайлары тіркелген. Соның салдарынан кейбір аудандарда қалпына келтіру жұмыстары бірнеше сағатқа, тіпті бір тәулікке дейін созылған. Апаттарды жоюға тәулік бойы 35 жөндеу бригадасы жұмылдырылған.