Алматыда "әдемі" нөмір алғысы келгендерден көп өтініш түскен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
5 қаңтардан бастап Қазақстанда, соның ішінде Алматыда да әркім өз көлігіне мемлекеттік тіркеу нөмірін ресми және заңды түрде таңдай алады. Осы уақыттан бері көлік иелерінен барлығы 19 100 өтініш түскен.
Алматы қалалық Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаевтың айтуынша, мемлекеттік нөмір автоматты түрде ғана берілмей, азаматтар бар нұсқаның ішінен өздеріне ұнаған әріптік-сандық комбинацияны таңдай алады.
"Мемлекеттік нөмірлердің бірнеше санаты қарастырылған. Олардың құны 10-нан 280 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін барады. Баға көлік иесі таңдаған сандық немесе әріптік комбинацияға байланысты. Мемлекеттік нөмірлерді сатып алудан түскен қаражат қала бюджетіне түседі. Қазір бірдей үш саннан тұратын, басында немесе соңында нөлдері бар нөмірлерге сұраныс өте жоғары", – деп атап өтті Серік Шумаев.
Қазір нөмір таңдау үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өтініш берсеңіз болады. Алдағы уақытта бұл қызмет онлайн форматта – электрондық үкімет порталы мен мобильді қосымшалар арқылы да қолжетімді болады.
Қызмет көрсету рәсімі қарапайым әрі түсінікті: азамат жүйедегі қолжетімді комбинациялардан керек нөмірді таңдайды, тексеруден өтеді, қызмет ақысын төлеп, өтініш береді.
"Әріптік және сандық комбинациялар жалпы қабылданған моральдық нормаларға сай болуға тиіс. Яғни балағат сөздер немесе біреудің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жазуы бар нөмірлер болмайды", – дейді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
