Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атынан ардагерлерге Тәуелсіздіктің 30 жылдық кезеңінде қаланың дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс айтып, денсаулық пен бақ-береке тіледі.
Жиын барысында ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды. 2016 жылғы 1 сәуірде өткен IX конференциядан бергі бес жыл уақыт ішінде Алматының ардагерлер ұйымы 25 мың адамға көбейді. Бүгінде қалада 232 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Биыл қала бойынша әлеуметтік қолдауға 25 млрд теңге бөлініп, 124 мың адам қамтылған. Сонымен қатар, еңбек ұжымдары мен демеушілер 52 мың соғыс және еңбек ардагерлеріне 200 млн теңге сомасына түрлі әлеуметтік қолдау көрсетті.
– Қалада 9 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді, оларға 25 мың қарт адам барады. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында, скверлерде, саябақтарда, спорт алаңдарында түрлі спорттық-сауықтыру іс-шаралары өткізіледі. Жыл сайын спорттық іс-шараларға 3 мыңнан астам зейнеткер қатысады, олар шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ, теннис, биллиард, боулинг, атыс бойынша жарыстар. Барлық жерде скандинавиялық жүріс, йога, айкун және басқа да сауықтыру шаралары бойынша сабақтар өткізіледі. Алматыдағы ардагерлер ұйымдары үнемі оқиға ортасында болып, әрі қарай қаланың қоғамдық өміріне белсенді, тікелей қатысатын болады. Өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі көрсететін қарияларымыз бар, – деді өз сөзінде Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов.
Конференцияға қатысушылар ардагерлер ұйымының биылғы атқарылған қызметтерін пысықтап, алдағы кезеңге арналған міндеттерді белгіледі.
Лидия Кочетова, Социалистік Еңбек Ері:
– Қазіргі уақытта пандемияға қарамастан, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында біздің алдымызға нақты міндеттер қойды. Көпті көрген, тәжірибелі ардагерлер жастарға рухани, адамгершілік тәрбие беруде ұрпақтар эстафетасының жолсеріктері. Біз әрқашан ҚР Президентінің саясатын қолдаймыз. Әкімдік, қоғамдық ұйымдар, мәслихат депутаттары қала ардагерлеріне қамқорлық жасауды жалғастыруда. Әуезов ауданында 46 мыңнан астам зейнеткер тұрады, оның ішінде 19 ҰОС мүгедектері мен қатысушылары, 2000 еңбек майданының қатысушылары, 9 фашистік лагерлердің тұтқындары, 9 Ленинград қоршауының қатысушылары, 2 Социалистік Еңбек Ері бар. Қазіргі уақытта ардагерлер жастармен бірге елдің экономикалық және рухани жаңғыруын жалғастыруда. Еліміздің әл-ауқатын жақсарту үшін Жолдаудың барлық міндеттерін белсенді түрде жүзеге асыратын боламыз. Ардагерлер ұйымдарының басты мақсаты – зейнеткерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, қозғалыстың бірлігін нығайту.
Өз кезегінде Социалистік Еңбек Ері Вера Сидорова:
– Бүгін тарихи маңызы бар оқиға орын алып отыр. Яғни, республиканың ардагерлер ұйымы дүниеге келген сәттен бастап 35 жыл уақыт өтті. Бүгін қаланың ардагерлер кеңесінің көптеген мүшелері көптеген әлеуметтік мәселлерді талқылап, экономикалық белсенді дамуға қатысты бірқатар ойлар айтылды. Пленум өте жақсы өтті. Барлық ардагерлер қарттар өмірінің проблемаларын жақсы біледі десек болады. Кезінде зейнетақы мен жалақыларын қысқартып тастаған қызметкерлер ардагерлерден келіп көмек сұрайтын. Қаланың ардагерлер ұйымы олардың барлық мәселелерін шешуге белсенді қатысты. Қазір де республика алдында міндеттер өте көп. Мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты өте құрметтеймін, ол дипломат, жоғары білімді адам. Ол халық пен ардагерлердің өмірін жақсарту үшін барлығын жасайды. Біздің міндетіміз – зейнеткерлердің өміріне қамқорлық жасау ғана емес, сонымен қатар мемлекетіміздің тұтастығына қамқорлық жасау. Менің ойымша, біздің халық пандемияны жеңеді. Барлығыңызға бақыт тілеймін және біздің республикамыз Кеңес Одағының бұрынғы одақтас республикалары арасында көшбасшы болсын. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар. Ардагерлер ұйымы Мемлекет Басшысы қойған барлық міндеттерді іске асыру үшін өзінің ақыл-кеңесін, ойын, тәжірибесін, ұйымдастырушылық қабілетін бөлісуге дайын.
Конференцияда Алмалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Әмірханов өз ойын былайша жеткізді:
– Ауданымыздың ардагерлер кеңесінің басты міндеттерінің бірі – жас ұрпақты тәрбиелеу, Отанға деген сүйіспеншілікке баулу, еңбексүйгіштікке үйрету және мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосу. Жастар – біздің болашағымыз, олар халқымыздың құндылықтарын сақтауға тиіс. Ардагерлер қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Барлық ардагерлер мен зейнеткерлерге азық-түлік себеттері және қайырымдылық көмек түрінде қолдау көрсетіледі. Біз медициналық, тұрғын үй, коммуналдық қызметтерді жақсарту бойынша ұсыныстар енгіземіз, сондай-ақ зейнеткерлерді қорғау және қолдау мәселелері шешіледі. Сонымен қатар, аға буынның өмірін жақсарту үшін маңызды міндеттерді шешу бойынша тұрақты түрде кездесулер өткізіледі, – деді ардагер.
Ал «Даңқ» орденінің иегері Сабира Әуелбаева:
– Бүгін отырыста қаланың ардагерлер ұйымдарының атқарған жұмыстары туралы есептер тыңдалды. Әр аудандағы ардагерлер кеңесі зейнеткерлердің өміріне қамқорлық жасайды, әлеуметтік қызметкерлерді ұсынады, үйірмелерге шақырады. Мен Наурызбай ауданында, қаланың ең жас бөлігінде тұрамын. Біз әкімдікпен бірлесіп жұмыс істейміз, жергілікті ардагерлер мен зейнеткерлерге идеологиялық, ағартушылық, қайырымдылық көмек пен қолдауды жалғастырамыз, қарттарды ауданның қоғамдық өміріне тартатын боламыз. Біз өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын көтеруіміз керек, өз еліміздің патриоты болуымыз керек және ел игілігі үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек, – деп ойын ортаға салды.
Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан ардагерлер ұйымының VIII съезіне делегаттар сайланды. Ардагерлер ұйымының Орталық Кеңесі бекіткен квота бойынша келесі делегаттарға дауыс берілді:
- Ізмұханбетов Бақтықожа Салахатдинұлы, «ҚР Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы;
- Бижанов Ақан Құсайынұлы, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы;
- Әмірханов Жақсылық Нұртазыұлы, Алмалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы;
- Қабдолдин Құдайберген Назарұлы, Алатау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы;
- Ибраева Батима Сапиевна, Әуезов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы;
- Сидорова Вера Васильевна, Социалистік Еңбек Ері;
- Әуелбаева Сабира Қисайқызы, «Даңқ» ордендерінің иегері;
- Токпакбаев Сат Бесімбайұлы, ҚР мемлекеттік қайраткері, генерал-лейтенант, ардагерлер қозғалысының белсендісі;
- Владимир Николаевич Устюгов, қаланың ардагерлер қозғалысының белсендісі.