Шымкенттің ақпараттық кеңістігінде соңғы күндері Сәрсен Құранбекке қатысты сұрақтар көбейді. Қала әкімінің орынбасарының қоғамдық іс-шаралар мен ресми кездесулерде сирек көрінуі түрлі болжамдарға жол ашты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Шымкент әкімдігінің идеология және БАҚ саласына жауапты орынбасары Сәрсен Құранбектің соңғы уақытта көпшілік алдында бой көрсетпеуі әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Қала күніне арналған негізгі іс-шараларда, ресми жиындарда жиі көрінетін шенеуніктің ақпараттық алаңнан уақытша «жоғалып кетуі» қоғам назарын аударды.
Осы тұста әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер айтыла бастады. Белгілі журналист Оңғар Қабден өзінің жазбасында «Бүкіл Қазақ даласының журналистері Шымкент әкімдігіне қарап елеңдеп отыр» деп, мәселенің өңірлік деңгейден асып, республикалық назарға іліккенін аңғартты.
Ал заңгер Айгүл Орынбек Шымкенттегі шенеуніктерге қатысты жазбасында «ірі парамен ұсталып, кейін жоғарыдан соғылған бір қоңыраумен құтылып кететін жүйені» сынап, көпшілік арасында қызу талқы тудырды.
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев та әлеуметтік желідегі жазбасында:
«Біреуге қиянат жасап, қаралаған адамның дәл өзі сондай күйге түсіп, басына қара бұлт үйіріледі. Бумеранг заңы бар», – деп пікір білдірді.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жазбаларды қаладағы ықтимал кадрлық өзгерістермен немесе басқа да оқиғалармен байланыстырып, түрлі жорамалдар айтуда.
Алайда Сәрсен Құранбектің көпшілік алдында аз көрінуіне қатысты Шымкент әкімдігі әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Осыған байланысты желі қолданушылары арасында «Сәрсен Құранбек қайда?», «Шымкент әкімдігінде не болып жатыр?» деген сауалдар жиілеп, ресми ақпаратқа деген сұраныс артып отыр.
Әзірге әлеуметтік желілерде тараған пікірлер мен болжамдар ресми түрде расталған жоқ.