Алматыда осыдан 27 жыл бұрын заңсыз иелікке өтіп кеткен оқу орындарының бірінің ғимараты қайтарылды. Әңгіме атақты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті туралы болып отыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мүлкін заңсыз иеліктен шығару дерегін анықтады.
"1997 жылы жекешелендiру жөнiндегi аумақтық комитет, оқу корпусы ғимаратының бiр бөлiгiн 196 000 теңгеге заңсыз сатты. Сол жылы 62 000 теңгеге 26 сотық жер телімі де заңсыз сатылған", - деп жазылған Алматы қаласының прокуратурасы мәліметінде.
Университет ғимараты республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштеріне жатады, ал жер учаскесінде қаланың ең ескі сәулет құрылыстарының бірі "Ескі қақпа" орналасқан.
Кейін оқу корпусының ғимаратында "Ескі қақпа" атты мейрамхана ойын-сауық мекемесі де ұйымдастырылған.
Медеу ауданының прокуратурасы жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерінің күшін жою туралы сотқа шағым түсірді.
Сот шешімімен қадағалау органының талап арызы қанағаттандырылып, мүлік қайтарылды, шешім заңды күшіне енді.