2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесінде сақтандыру жарналары есептелетін ең жоғары табыс шегі артты. QazaqExpertClub маманы Гүлнафис Жүсіпалиева аталған өзгеріс негізінен жоғары табыс табатын адамдарға қатысты екенін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қызметкерлердің 91%-ы үшін ештеңе өзгермейді, олардың жарналары бұрынғыша қалады", - дейді ол.
Бұның маңызы қандай?
Сарапшының сөзінше, жаңартулар МӘМС жүйесінің қаржылай тұрақтылығын қамтамасыз етуге, емдеу, тексерулер мен дәрі-дәрмектерге жұмсалатын шығындарды жабуға бағытталған.
"Жарна мөлшері өзгермейді, тек есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыс шегі өзгереді. Сонымен қатар мемлекет әлеуметтік жеңілдігі бар азаматтар үшін өз жарналарын кезең-кезеңімен арттырады, бұл қызметкерлер мен бизнеске қосымша ауыртпалық салмайды", - деп қосты ол.
Нәтижесінде жүйенің қағидасы да қарапайым болады. Яғни, көп табыс табатын адам көбірек қатыса алады.
"Бастысы тұрақты медицина және науқастар үшін кепілді көмекке қолжетімділік", – дейді сарапшы.
2026 жылдан бастап кедейлік деңгейі төмен және шұғыл жағдайда тұрған азаматтар (Д және Е санаттары) да медициналық көмек ала алады.
Бұл шамамен 1 миллион адамды қамтиды. Олардың жарналары жергілікті бюджеттің есебінен төленеді.
Яғни, төмен табысы бар азаматтар, тұрақты жұмысы немесе тұрақты табысы болмаса да, МӘМС арқылы жоспарлы медициналық көмек ала алады. Жарна жоқ деп көмек көрсетуден бас тартылмайды.
Сонымен қатар мемлекет ресми тіркелген жұмыссыздардың МӘМС жарналарын өзі төлейді.
Бұл әлеуметтік қорғауды күшейтеді және адамдардың денсаулық сақтау жүйесінен тыс қалу тәуекелін азайтады.
