Мұнай қоры ортайып барады, тездетіп барлау жұмысын бастау қажет - Вице-министр

Dalanews 20 там. 2021 12:51 215

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Бірекешевтың айтуынша еліміздің мұнай қоры ортайып қалған. “Қара алтынның” кемігенін Қашаған ғана сездірмей тұр. 

Бұл туралы ол ОКҚ-да өткен баспасөз жиынында айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еліміздегі кен орындарын жаңа нысандармен толықтыру проблемасына мұқият тоқталған вице-министр бұдан шығудың жолы бар деп отыр.

"Елдегі кен қоры ортайыңқырап қалғаны жасырын емес, мұны Қашағанның есебінен толықтырып отырмыз. Сырт көзге өсім бар секілді. Алайда бұл уақытша үрдіс. Қашаған кен орны болмағанда, бұл көрсеткіш күрт құлдырап кетер еді.

Әйткенмен мәселені шешудің жолы бар. Ол үшін жаңа әлеуетті учаскілерді едел-жедел анықтап, сонымен қатар ескі кен орындарын да мұқият барлау қажет.

Геологиялық барлау жұмыстары анау айтқандай арзан емес, бұл іске жеке инвесторлар атсалысуы қажет.


Себебі жаңа кен орнын ашу бір бөлек, оны толыққанды іске қосу үшін ең кем дегенде 10-15 жыл уақыт қажет", – деді вице-министр.

Оның атап өткеніндей экономикасы мұнай саласымен тікелей байланысты өңірлерді зауыттарды мұнаймен қамту мәселесі қазір актуалды. Үкіметтің түйткілдің түйінін тарқату үшін қатарынан бірнеше басқосу өткізген.

"Негізгі проблема – пайдалы қазбалардың қоры тым-тым баяу толығып жатыр. Геологияның жазылмаған заңы бар: "Бір тонна өндірген болсаңыз, орнын екі-үш тонна қормен толтыруыңыз қажет", – дейді Бірекешов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x