Қордайдағы жанжал? Арандатушыны таптық - Ішкі істер министрлігі

Dalanews 10 ақп. 2020 09:54 226

Қордайдағы жанжалда жұртты жініктіріп, арандататын ақпарат таратқандардың көпшілігі оқиға орнында болмаған, кикілжіңді көзбен көрмеген өзге өңірдің азаматтары.




Бұл жайында Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Арандатпа ақпарат таратқан адамды таптық. Ең сорақысы әлгі адам контентті түрлі әлеуметтік желілерге жүктей отыра, оның астына ұлтараздықты қоздыратын пікірді қоса жазған. Жастардың көшеге шығуына осы себеп болған,  – дейді Калайчиди.



Министрлік елдің өзге де өңірлерінен провокаторларды іздеп тауыпты.

"Олардың арасында мына менімен жасты (57 жасар) азаматтар да бар. Олар оқиға орын жерге ат ізін салмаған, алайда әлеуметтік желіге жінігіп, жөнді-жөнсіз видеоларды жүктей жөнелген. Соның салдарынан Қордайдағы ахуал асқынып кетті", – дейді ол.

Арандатушыларды арты-артынан анықтап жатқан Ішкі істер министрлігі әлгілерді абақтыға қамай ма?

Калачидің айтуынша әзірге ұлтаралық жанжал туғызған контентті әлеуметтік желіге жариялап жібергендер анықталу үстінде.

"Желіге жүктемес бұрын ақпаратты анықтап алыңыздар. Мұндайға мұқият болған жөн. Оқиға ортасында жүріп түрлі қауесет таратқандар да жетіп артылады. Кейбіреулер кикілжіңді видеоға түсіру үшін келген. Енді біреулер оқиғаның бел ортасында жүрген. Осы жанжалға қатысы бар куәгерлердің бәрімен тілдесеміз. Дерек жинауымыз керек, содан кейін барып шешім шығарамыз", – дейді Калайчиди.

Сөзіне қарағанда полицейлер елді ұрда-жыққа ұрындырғандың біразын еркіне жіберген.

"Бізге анық-қанық мәлімет берген және тергеуге кедергі келтірмейді-ау дегендерді босаттық. Оларды абақтыда ұстағаннан не ұтамыз? Бұдан бөлек Ішкі істер министрлігі ҰҚК-мен бірлесіп Қырғызстан шекарасын кесіп өткен азаматтарға қатысты тергеу амалын жүргізуде", – деді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x