Cоңғы жаңалықтар
Back

Сұлтанов: “Антиресейлік санкциялар? Бұл жағдай біз үшін тиімді”

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға “тікелей әсер етпейтінін” айтты.

Оның пікірінше, керісінше қазіргі жағдай жергілікті кәсіпкерлер үшін тиімді.

Санкция жағдайында қазақстандық кәсіпкерлер өз өнімдерін Ресей нарығына шығаруға мүмкіндік алады. 

Азаттық тілшісінің: “Ұлттық банк басшысынан бастап сарапшыларға дейін теңгенің құлдырауын рубльмен байланыстырып отыр. Бұл ретте Қазақстан Еуразиялық одақтан шығуы қажет деген пікірлер айтылып жатыр. Бұған не дейсіз?” деген сауалына Бақыт Сұлтанов былай деп жауап беріпті: 

“Бұл одақты құруға ұйытқы болған Астана ғой. Сондықтан одақтас елдер қазіргі қиындықтарды бірігіп еңсеруі қажет. Осыншалықты орасан нарық көмегімен болашақта жаһандық дағдарысқа төтеп беретін боламыз”. 

Сұлтановтың айтуынша, доллардың өскені әзір “республикалық бюджетке әсер етіп отырған жоқ” және қосымша шығынды қажет етпейді. Бұған қоса бюджетті құру кезінде бір доллар 340 теңге көлемінде бекітілгенін, ал алғашқы жартыжылдықтағы бағам бұл деңгейден төмен болғасын, әзіргі уақытта бюджетті қайта қарастырудың қажеті жоқтығын айтты. 

АҚШ өткен айда Мәскеуді Британияда тұратын Ресей Бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызын улады деп айыптап кезекті санкция салған. 5 наурызда Ұлыбританияның Солсбери қаласында Сергей Скрипальдің белгісуз заттан қатты уланып, ауруханаға түскені хабарланған. 

Санкция жағдайында рубль күн өткен сайын құлдырауда, бұл өз кезегінде теңгеге де әсер етуде. 

Бұдан бұрын Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев антиресейлік санкциялар салдарынан Қазақстандағы инфляция деңгейі өсуі мүмкін екенін айтқан еді.