Халық уағыз – әнге сусап отыр

Dalanews 29 қыр. 2022 02:37 224

Қазір қазақ қоғамында дін мәселесі өте актуальді. Қазір жастардың біразы дінге бет бұрып жатыр. Мемлекет үшін олардың адасып, деструктивті ағындардың қармағына түсіп қалмауы маңызды. Жалпы дін деген бес уақыт намаз оқып, құлшылық жасаудан ғана тұрмайтыны анық. Сонымен қатар дін жолында жүргендер еліміздің рухани құндылықтарынан алыстамауы маңызды. Осы ретте қазақты дәстүр мен дінді бір-біріне жақындатып жүрген «Райан» деген топ бар екенін білеміз. Олар дін мен дәстүрді қабыстырған әндерді орындап жүргеніне біраз уақыт болды. Осы ретте топ мүшелерімен сөйлесіп, олар қолға алған тың бағыттың қызықты тұстарын Dalanews.kz сайтының оқырмандарына жеткізудің жөн деп таптық. «Райан» тобы еліміздегі бірнеше концерттерге қатысып қоғамдық емiрiмiзде имани және моральдық құндылықтарды уағыздап келеді. Осы орайда, «Райан» тобының жiгiттерiмен тiлдесiп, ой бөлісуге оқталдық. Осылайша редакциямызда қонақта болған Қанат, Жомарт, Ержiгiт есiмдi әншi жiгiттер өздерi жайында кең отырып айтып берді.

 

«Райан» тобының мүшесі Ержігіт:

– «Райан» тобындағы төрт жiгiттiң де музыкалық білімі бар. Топтағы ең кішісі менмiн. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжін тәмамдап, «Райан» тобының мүшесi болдым. Біздер студент кезiмiзден бастап, иманға ұйып, намазға жығылған едік. Сондықтан бұл жерде бiздiн басымызды бірінші кезекте Аллаға деген сүйіспеншілік қосты деп ойлаймын. Ал топтың құрылуына Жарылқасын Дәулет ағамыздын себепші болғанын айтуға тиіспін.

«Райан» тобының мүшесі Жомарт:

– Мен де Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжін тәмамдап, консерваторияда оқып жүргенімде жiгiттер келiп, топқа косылу жайында ұсыныс жасады.

Содан топ жетекшісі Жарылқасын ағамызбен кездесiп, ол кісінің сынынан сүрінбей өткеннен кейiн топ мүшесін атадым. Алла Тағаланың ризашылығы үшін ән шырқайтын топқа мүше болғаныма дән ризамын.

Қазір халық уағыз әнге сусап отыр. Өмiрде өз жолын таппай адасып жүрген адамдар өте көп. Олардың мешіттерге келіп Жаратушының тура жолына түсiп кетеді дегенге сену қиын. Ал біздің әндерiмiздi олар кез келген уақытта естуі мүмкін. Сондықтан бiздiн топтын басты мақсаты халықтың иманға бет бұруына себепші болу.

«Райан» тобының мүшесі Қанат:

– Оқу бітіргеннен кейін азаншы болып жұмыс істедім. Шардарада демалып жүргенімде Берік деген қари досым «Жарылкасын Дәулет деген ағамыз ораза айының құрметіне Құран қатым түсірейін деп жатыр. Бізге азаншы болсаңшы» деп өтініш айтқаннан кейін иманды icкe өз үлесімді қосайын деп бірден келісе кеттім.

Ол кезде Жарылқасын ағаны сырттай танушы едім. Бір ай Құран қатым түсіргенде ол кісі менің өз ағамдай болып кетті. Сол кезде ағамыз топ құру жайында ойын іштей пісіріп жүрген екен. Азан айтқандағы дауысым ол кісіге ұнап қалса керек. Содан бір ай бойы Құран қатым түсіріп болғаннан кейін, маған ағамыз іштегі ойын айтып, ұсыныс жасады.

Елге танымал сазгер ағамыздың жанында жүріп уағыз өлең айту көңіліме қонған соң, ұсынысты бірден қабыл алдым. Содан Жангелдімен таныстым, біршама уақыттан кейін арамызға Жомарт пен Ержігіт келіп қосылды.

Жаңа жігіттер айтты ғой тобымыздың басты бағыты қоғамды жақсылыққа үндейтін тек қана уағыз әндерді айтатынымызды. Бүгінде әншілерді көбінде тойда жүріп, әнін айтып, өзін асырап жүргені белгілі. «Райан» илләһи топ болғандық тан той жиындарда жұртшылыққа имани әндер айтып олардың жүрегіне сәуле түсіруге тырысады. Репертуарымызда сүйдім, күйдім деген өлеңдер атымен жоқ.

Dalanews.kz:

–  Қазір елімізде уағыз ән айтып жұрттың қошеметіне бөленіп жүрген топтар бар ма? Дін жолында жүрген адамдар ән салып, ән айту харам деп жатады жалпы бұған қалай қарайсыңдар?

– Ән-күй адам баласының уақытын босқа өткізіп, ғибадаттарына кедергі жасаса және нәпсісін қоздырып, ойын харам нәрселерге жетелейтін болса ол харам болуы мүмкін.

Бұл жерде әңгіме теріс жолдарға жетелейтін әндер – жайында болса керек. «Әнді сүйсең, менше сүй» деп Абай атамыз айтқан ғой. Адамның миын тынықтырып, жүйкесін тыныштандыратын жақсы ән адам баласына қай уақытта да қажет.

Сондықтан ән-күйді харам деп кесіп айту ағаттық болар еді. Бұл жерде таяқтың екі ұшы бар екенін естен шығармаған жөн. Қазір қазақ эстрадасында уағыз өлең айтып жүрген топтар жоқ десе де болады. Тек «Ясауи» тобы ғана вокалмен ән айтып жүргенін жақсы білесіздер. Сондықтан қазақ эстрадасында уағыз өлеңге ден қойған «Райан» тобы ғана десем артық айтқандық болмас еді.

«Райан» тобының мүшесі Жомарт:

– Кезінде Абай хакім «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар» деп бекер айтпаған ғой. Сондықтан музыканың ара-жігін ажыратып, қай кезеңде болсада жақсы әуенге елтіп, жаманынан жиренуі міз керек. Музыка – Алла адамзат баласына тарту еткен құдіретті өнер. Тек білімсіздік пен адасушылыққа бой алдырмасақ болғаны.

Dalanews.kz: 

– Қазіргі таңда «Райан» тобының репертуарында қанша ән бар?

«Райан» тобының мүшесі Ержігіт:

– Тобымыздың құрылған күннен бері Жарылқасын ағамыздың шағармашылығын жан-жақты насихаттап келеміз. Жалпы біздің топтың ән қоры кез келген топтан кем соқпайды. Репертурамызда Ақан сері мен Біржан салдың әнін дайындап жатырмыз.

Dalanews.kz:

– Қазір әншіні ұшпаққа шығаратын да, ұшырып түсіретін де той десем артық айтқандық болмас. Өздеріңде тойға қатысып жүрсіңдер. Сендердің ұғымдарыңда қазақтың тойы қандай болуы керек?

«Райан» тобының мүшесі Қанат:

– Бүгінде қазақтың тойын екіге бөлуге болатын шығар. Бірі халал той болса, екіншісі арақ-шарап қойылатын той деп. Бiздiң әнімізді тыңдағысы келген ағайындар ұсыныс жасап жатса, біз кез келген тойда уағыз әнімізді айтудан қашпаймыз.

Егер біз тек қана уағыз ән айтамыз деп халал тойға барып, ішімдік қойылған тойға бармасақ, ондағы жұрттың жүрегіне кім сәуле түсіреді?

Біздер алдымызға жұртқа уағыз айтып, иманға ұйытамыз деп таудай талап қойғаннан кейін бұғып қала алмаймыз. Сондықтан біз әр уақытта көпшілік жиналған жерде Алланың ризашылығы үшін ән салуға дайынбыз.

Бүгінде жұрттың бәрі имансыз емес қой, кез келген тойдан бiздi қолдап, қуаттап жатқан ағайынның шынайы көңілі бізге күш-жігер береді. Бұл біздің мақсатымыздың азда болса орындалғанының белгісі деп білемін.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар