Катонқарағай ұлттық табиғи паркін тамашалауға асығатын туристер қатары көбейген

Dalanews 22 желт. 2021 18:24 441

Сөзімізге дәлел: 2002 жылы парк аумағына небары 500 турист саяхаттап келсе, биылғы жылы келушілер саны 7 мыңнан асып жығылған.

Бүгінгі күні Ұлттық парк аумағында ұзындығы 673 шақырымды құрайтын 14 туристік соқпақ жұмыс істеп тұр. Парк аумағында инфрақұрылымдар салу бойынша жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ұлттық табиғи парктің бас директоры Жанболат Тыныбековтың айтуынша, қазір зоология ғылыми институтымен Катонқарағай ұлттық паркіндегі қар барысының өсіп-өну ортасына, экожүйесіне зерттеу жұмыстары одан әрі жүргізіліп жатыр.

2001 жылдың шілдесінде құрылған Катонқарағай ұлттық табиғи паркі – алып жатқан аумағы жағынан еліміздегі ең үлкен ұлттық табиғи парк, ерекше қорғалатын аймақ.

Жанболат Тыныбеков парк құрамындағы 5 филиал мен 10 орманшылық және 6 бөлім ұлттық табиғи парктегі орманды қалпына келтіру шараларын, орман көлемін жыл сайын ұлғайтып отырғанын, соның нәтижесінде орман аумағы 17 пайызға кеңейгенін атап айтты.

Соның нәтижесінде Катонқарағай ұлттық паркінде заңсыз ағаш кесу фактілері азайған. Орман алқаптарында санитарлық шаралар жүргізіліп, ауру, қураған, кәрі ағаштар кесіліп, алқаптар зиянкестерден арылтылып отыр. 20 жыл ішінде парк аумағында ірі орман өрттері (2008 жылдағыдан басқа) тіркелмеген. Әр жыл сайын шекара маңындағы аумақтар тұрғындарына орман қоры жерлерінен мал жаюға (5-7 мың гектар), шөп шабуға (500-600 гектар) рұқсат беріледі.

«Табиғат жылнамасы» бағдарламасы аясында ұлттық паркте алқаптың фаунасы, флорасы бойынша ғылыми зерттеулер де жүргізілуде. Нәтижесінде парк аумағында құстардың бес жаңа түрі, қанатты жәндіктердің жиырма жаңа түрі, сондай-ақ бұрын бұл өңірде кездеспеген өсімдіктер түрі, сабаншы табылып, тіркелген. 2014 жылдан бастап паркте Қызыл кітапқа енген қар барысының тіршілік ету ортасына мониторинг жүргізіліп жатыр.

Адам аяғы баспас асқаралы биіктерде ғана жүретін қар барысы осы уақытқа дейін он шақты рет фототұзаққа түскен. Қар барысы 2014 жылы Аршаты орманшылығы аумағынан алғаш рет фототұзаққа ілінсе, ол Сарымсақты жотасынан 2020 жылы үш рет, биыл тіпті бірнеше рет фототұзаққа түскен.


Айта кетелік, Катонқарағай ұлттық паркінің ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар тізіміне, яғни ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне енгені – парктің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген басты жетістіктерінің бірі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x