Қазақ ғалымдары: "Тарбағатайдағы ежелгі қорған? Мұндай жерде адам сүйегі шашылмайды"

Dalanews 10 там. 2020 14:25 313

Әлеуметтік желілерде тарап жүрген Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Көкжыра ауылының бір топ тұрғындарының Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жолдаған Ашық хатын оқып, өз пікірімізді білдіреміз.




Әлемде аруақтарын сыйламайтын халық жоқ, соның ішінде бұл қазақтарға да тән қасиет.

Археологиялық қазба жұмыстары екі мың жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келе жатқан адамзат қоғамындағы тарихи қажеттіліктерден туған шаралардың бірі.

Себебі, кез-келген халық, өзінің даму деңгейінің бір тарихи кезеңіне жеткенде, өзінің қашан, қайдан шыққанын, ата-бабаларының кім екенін, олардың қандай мәдени құндылықтар жасағанын, басқа өркениеттерден өздерінің ерекшеліктерін, болмысын тануға ұмтылуға тырысады.


Біздің мыңдаған жылдық тарихымыздың, яғни, көне және ортағасырлық кезеңдері туралы ғылыми деректерді тек қана археология ғылымы бере алады. Сондықтан да, біз көне және ортағасырлық тарихымызды қалпына келтіру үшін қазақ даласының барлық түпкірлерінде зерттеулер жүргізуге тиістіміз.

Қазба жұмыстарының нәтижелері, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған оқулықтарға кіріп, сол арқылы халқымыздың тарихы терең, мәдениеті басқа көрші халықтардан, өркениеттерден ешқандай кем емес, керісінше, әртүрлі кезеңдерде өзінің тарихи, табиғи орталарына бейімделген ерекше өркениет жасағанын  көрсетіп отыр.

Олай болса, Көкжыра ауылы тұрғындарының атынан жазылған хат эмоцияға қатты берілген, ел арасында алауыздық туғызуға бағытталған өрескел қате әрекет.

2018 жылы Елеке Сазында басталған археологиялық қазбалардың себептерінің бірі - ол әртүрлі пиғылы жаман топтардың осы жерде көне обаларды тонап, олардан шыққан заттарды сатып жүргендері туралы көптеген мәліметтер, сонау екі мыңыншы жылдардың басынан бастап белгілі бола бастады.


Сондықтан да, осындай заңсыз әрекеттерге тосқауыл жасап, тарихи құндылықтарды сақтап қалу мақсатында, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов Республикадан археолог мамандарды арнайы шақырып, ескерткіштерді қорғап қалу мақсатында үлкен жұмыстарға жан-жақты жол ашып берді.

Табиғатта, бұдан  да зор апаттар жұмыр жерде бұрын да болған, соның ішінде Көкжырада да қазба жұмыстары басталғанға дейін де болған. Олардан сақтану, алдын-алу, төтенше жағдайлармен шұғылданатын мекеменің құзыреттілігінде.


Қазба жұмыстары жүргізілген нысаналарда ешқашанда адамның, малдың сүйектері шашылмайды, керісінше, талдап, жиналып алынады. Себебі, олар тарихи зерттеулердегі аса құнды дереккөз болып табылады. Оларды арнайы мамандар – антропологтар, палеогенетиктер және палеозоологтар зерттейді.

Қазба жұмыстарын бастар алдында, міндеті түрде құрбандық шалынып, құран бағышталады. Жұмыс аяқталғанна кейін, нысаналардың барлығы қайтадан жабылады. Аса құнды ескерткіштер, аспан астындағы музейлерге айналады, олардың жобалары жасалуда.

Елекеде табылған құндылықтар, Қазақстанның ғылымы мен мәдениетінің соңғы кездегі ең ірі жетістіктері ретінде, әлемнің белгілі қалалары мен музейлерінде көрмеге қойылып, халқымыздың игілігіне өз қызметін атқаруда.

 

Төлеубаев Әбдеш Тәшкенұлы- Әл-Фараби атындағы ҚҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы;


Самашев Зейнолла Самашұлы– тарих ғылымдарының докторы, профессор;


Омаров Ғани Қалиханұлы– Әл-Фараби атындағы ҚҰУ археология кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты;


Үмітқалиев Ұлан – тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ археология кафедрасының меңгерушісі;


 Чотбаев Айдос  – археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері;


Кариев Елдос Мақсатұлы– С.Аманжолов атындағы ШҚО университетінің аға оқытушысы. 




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x