Елорда. Балалардың жаңажылдық шырша тойы өтті

Dalanews 19 желт. 2019 13:08 223

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығында жаңажылдық шырша тойын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен балақайларды келе жатқан жаңа жыл мейрамымен құттықтап, сый-сияпаттарды табыс етті.

– Баршаңызды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге бақытты балалық шақ, жақсылық атаулының бәрін тілеймін! Жүздеріңізден күлкі кетпесін! Еліміздің ертеңгі күні сіздердің қолдарыңызда. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда арнайы «Қайырымды қала» деген үлкен акция бастадық. Соның аясында кішкентай бүлдіршіндерімізді шақырып, мерекелік көңіл-күй сыйлағымыз келді. Аздаған сый-сияпаттарымыз бар. Мектепте сабақтарыңызды жақсы оқып, ертеңгі еліміздің білімді азаматы болуларыңызға тілекшімін, – деді ол.

Сондай-ақ, әкім орынбасары сөз арасында оқушыларға білім нәрін беріп жүрген ұстаздар қауымына ерекше алғыс білдіріп өтті.

«Осыған дейін «Қайырымды қала» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан бүлдіршіндерге дельфиндер шоуын ұйымдастырған болатынбыз. Сол сияқты түрлі іс-шаралар өтті. Бүгін міне қаламыздағы көрікті орындардың бірінде шырша тойын өздеріңізбен өткізіп отырмыз. Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың білімді азамат болып өсуі үшін қолайлы жағдай жасап отыр. Біз сіздерге сенім артамыз», – деп Б. Мәкен жылы лебізін білдірді.

«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге қайырымдылық айлығын өткізіп келеді.

Міне осының аясында жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Mega Silk Way өзінің Happylon аумағында шырша тойын ұйымдастырып отыр. Ал бүлдіршіндерге сыйлықтарды «Нұрлы Астана» корпоративтік қоры жеткізді.

Сыйлықтардың арасында Германияда өндірілген жаңажылдық тәттілер де бар. Бүгінгі мерекелік жиынға қаламыздың 10-нан астам мектебінен жоғарыда айтылған санаттағы 150-ге тарта бала келді», - деді елорда әкімдігі аппаратының бас маманы Сәуле Бейсембаева. Шырша тойы барысында балаларға Happylon ішіндегі көңіл көтерерлік аттракционның бәрі бір сағат ішінде тегін болды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x