Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялық тартымдылығы артып келеді

Dalanews 04 желт. 2019 11:45 205

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, елорда әкімі Алтай Көлгінов пен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев инвесторларға қолайлы жағдай жасау, оларға қолдау көрсету бойынша өзара ынтымақтастыққа келісті.

Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін тілдік ортаны қалыптастыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Аудандық әкімдіктер, «Iqala» қалалық қызмет көрсету орталығы жанындағы ХҚКО, денсаулық сақтау, «Фронт-кеңселер» қызметкерлері үшін ағылшын тілін оқыту курстары ұйымдастырылды.


Оқыту кезінде шетелдіктерге ағылшын тілінде мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметтер көрсететін АХҚО Экспат-орталығының тәжірибесі  негізге алынды.

Бұдан әрі Экспат-орталық базасында "IQala" қалалық қызмет көрсету орталығының, «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығының және «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ қызметкерлері қызмет көрсететін болады. Бұдан басқа, ынтымақтастық шеңберінде кәсіпкерлік субъектілері үшін үш тілді паритет қағидаты енгізіледі: жарнамалық өнімдердің, ақпараттық стенділердің ағылшын тілінде болуы.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов мемлекет қабылдайтын шаралардың арқасында елордада жыл сайын инвестициялық ахуалдың жақсарғанын атап өтті. Тартылған инвестициялардың 30% -ы шетелдік. Шетелдік азаматтар мен компанияларға экспат-орталықтың базасында «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсетіледі.


Айта кету керек, АХҚО-да шетелдік азаматтар мен олардың отбасы мүшелерінің келуі үшін қолайлы жағдайларды қарастыратын бірегей жеңілдетілген визалық және көші-қон режимі жұмыс істейді. Экспат-орталық Нұр-сұлтан қаласының қалалық және іскерлік инфрақұрылымының ажырамас бөлігі болып табылады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x