Райымбек ауданында картоп алқабы он есе өскен

Dalanews 18 қыр. 2019 04:42 264

Алматы облысы Райымбек ауданында картоптың голландиялық жаңа сорты алқабының көлемі былтырғы жылға қарағанда биыл он есеге ұлғайып, 700 гектарға себілген болатын. Одан түсетін өнім әр гектарынан 380 центнерге жетеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы жуырда облыс әкімі Амандық Баталовтың Райымбек ауданына барған сапарында белгілі болды.

Райымбек ауданында облыс әкімі А. Баталов бірнеше нысанды аралады. Атбасын бұрған алғашқы нысан – Текес ауылындағы сервистік дайындау орталығы. Өткен жылы облыс бюджетінен картоп өндірісін дамыту үшін арнайы СДО құрып, техникалар алуға 500 млн теңге бөлінген болатын.

Сол көмектің арқасында 3 СДО жасақталып, 458 млн. теңгеге жалпы саны 87 бірлік техника сатып алынған, соның ішінде 21 трактор, 5 комбайн бар.

Қалған сомаға алдағы уақытта техникалар тағы да толықтырылатын болады. СДО-ныңтемір тұлпарларын тізгендеуге жас мамандар Алматыдан арнайы шақырылған. Олардың арасында туған жерден жыраққа кеткен  нарынқолдық жастар да бар.

Райымбек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Оралқұловтың айтуынша, биыл ауданда картоп 6 мың гектарға себіліп, одан 123 мың тонна өнім алу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.

2018 жылы облыстық әкімдік көмегімен 240 тонна голландиялық «Санте» және «Агрия» сорттары сатып алынып, сол сорттардың тұқымдары былтыр 70 гектарға себілсе, биыл бұл көрсеткіш 10 есеге өсіп, 700 гектарға жеткен.

Жаңа тұқымның, жаңа технологияның арқасында өнімділік те артты. Бұрын әр гектарынан 170-180 центнерден картоп алынатын болса, қазір бұл көрсеткіш 380 центнерге жеткен.

Алқап басында «Өркен» және «Мирас» шаруа қожалықтарында өсірілген картоптың түрлі сорттарының өнімдері көрсетілді.«Өркен» ШҚ басшысы Талғат Нүсіпқожаевтың сөзіне сүйенсек, «Санте» сортын өңдеуге чипсы шығаратын кәсіпорынмен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен бірге осы ауданда картопты өңдеп, крахмал дайындайтын зауыт ашуға ұсыныс түскені және оны жүзеге асырудың мүмкіндіктері қарастырылып жатқаны айтылып, шаруалар облыс басшылығынан осы бастамаға қолдау танытуды сұрады.

Өз кезегінде Алматы облысы әкімі Амандық Баталов игі бастамаға тиісті көмек көрсетуге әзір екенін жеткізіп, нақты жоба-жоспарларын бірге талқылауға шақырды. «Шикізатты мол әрі сапалы өндіретін аймақты өңдеушілер өздері іздеп келеді, бұл – нарықтың, бизнестің заңдылығы. Мұндай бастамаларды қашанда қолдауымыз керек» деді әкім.

Мұнан соң облыс басшысы Нарынқол ауылында құрылысы жүріп жатқан бірқатар мекемелер ғимараттарын аралап көрді. Мұндағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын «ФудМС» ЖШС жүргізуде.

Құны 1,1 млрд теңгеге жуық ғимарат 4 мың шаршы метрді құрайды. Құрылыс алаңында жұмыс қызу жүріп жатыр. Сол сияқты 83 жеке тұрғын үй түсетін орынды көріп, оның жобасымен танысты.

Оған қоса республикалық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер орналасатын ғимарат, «Азаматтарға арналған үкімет», сервистік әкімдік, аудандық әкімдік ғимараттарының құрылысын аралаған облыс басшысы  жұмыстың сапасына назар аударды.

Ғимараттар аулаларына төселетін тастар мен плиткалардың, орнатылатын қоршаулардың үлгілері көрсетіліп, абаттандыру жоспарлары таныстырылды. Облыс әкімі мердігер ұйымдарға жұмыс кестесінен кешікпеуді, оған қоса құрылысты сапалы жүргізуді, ғимараттардың белгіленген мерзімінде іске қосуға дайын болуы керектігін қатаң ескертті. Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» ғимаратын мердігер мекеме «Керуен Сервис» серіктестігі өкілі қараша айында аяқтайтындарын айтса, қайта жаңғыртылып жатқан аудандық әкімдік ғимаратының ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалған.

Облыс әкімі А. Баталов жаңа құрылған ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы елеулі өзгерістер туралы және алдағы міндеттер жайында айтып өтті.

– Жаңа аудандағы жұмыс қарқынды.Халыққа қызмет көрсететін түрлі мекемелер салынып, бар ғимараттарды қайта жаңғыртып, жаңалап жатырмыз. Нарынқол ауылын көгалдандыруға, жолдарды жөндеуге, көшені жарықтандыруға, балалардың ойын алаңдары мен спорттық алаңдарын салуға, тұрғын үйлердің аулаларын көркейтуге, қай жағынан болсын аудан азаматтары, облыстың әрбір аудан, қаласы өз үлестерін қосуда. Нарынқол өңірінің, әсіресе, ауыл шаруашылығындағы мүмкіндігі көп. Райымбек ауданына картопты өндірістік масштабта өсіруге жасаған мемлекет қолдауы өз нәтижесін беріп отыр. Жас мамандар туған жерге оралуда. Техникалар жаңарды, толықты. Дегенмен техниканы күтіп-баптауды – жабық шатырдың астында ұстау,майлау, көктемгі-күзгі науқанға дайындау шараларын жүргізуді ұмытпау керек. Сонда ғана техника ұзақ жыл сеніммен қызмет етеді. Облыс бойынша ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмысына кірістік. Соның нәтижесінде бір ғана Райымбек ауданының өзінде 6 мың гектар жер қалпына келтіріледі. Яғни картоп өндірісін одан әрі дамытуға мүмкіндік молаяды деген сөз. Біз өз тарапымыздан ауылдың еңбеккер халқына қолдау көрсетіп, ауыл шаруашылығын өркендетуді жалғастыратын боламыз, – деді А. Баталов.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x