"Түркістан – біздің ортақ үй". Кәрімов Орта Азия атауын неге ұнатпады?

Dalanews 03 шіл. 2019 05:03 305

«Арыстанбапқа түне, Қожа Ахметтен тіле». Осыдан-ақ Түркістан өңірінің барша түркі жұрты үшін киелі де, қастерлі мекен болғанын аңғарамыз. Ал осы Түркістанды қалалық деңгейдің шекарасынан шығарып, аймақтық атауға айналдыруға не кедергі?

Dalanews.kz cауалдасқан сарапшылардың сөзінше Орта Азия аймақты орналасу шекарасымен ғана шектейтін, жалқы атау. Ал Түркістан атауының тарихи-мәдени мәні бар.

Орта Азияны Түркістан деп орынды ма? Орынды болса, жуыр арада орындала қоя ма? Аймақтың Түркістан аталуын теріскейдегі көршіміз қалай қабылдайды?


Саясаттанушы Марат Шибұтов Орта Азия туралы айтқанда түрлі жағрафиялық және саяси терминдерден арылып, түркі дүниесін тікелей Түркістанмен байланыстыру тиіс деп есептейді.

«Орта Азия атты сырт күштер теліген атаудан арылып, Түркістан топонимін қайта «тірілтуіміз» керек. Түркістан демек, «Түркілер елі». Түркістан күллі түркі әлемінің рухани астанасы ғана емес, ол сонымен қатар саяси интеграцияға бастамашы болатын әлеуетке ие», – дейді Шибұтов.

Өзбек саясаттанушысы Бахтияр Ерғашев та осы ұстанымда.

«Орта Азия атауын марқұм Ислам Кәрімов ұната бермейтін. Әркез «Түркістан – біздің ортақ үй» деп отыратын-ды. Кітабында да осы идеяны қолдап «Түркістан – аса қастерлі атау» дегенді қайталаумен болды.

Орта Азия Түркістан деп аталар болса, бұл өз кезегінде аймақтағы елдердің бір одаққа бірігуін жеделдетер еді. Біздің дәстүріміз де, дағдымыз да, тарихымыз да, тағдырымыз да ортақ. Түркістан деп аталар болсақ, бұл бірігуге бастайтын бауырластықтың басты қадамы болар еді», – дейді ол.

Шибұтовтың пікірінше Түркістан жай ғана қала атауы емес, тұтас аймақ атауы.

«Түркілер елі» туралы алғашқы мәліметтер VII ғасырдағы тарихи жазбаларда көрініс берген. Ұлан-ғайыр атырапты шарлап шыққан араб және парсы саясатхатшылары аймақты «Түркілер елі» деп атаған. Түркілердің саны көбейген сайын Түркістанның аумағы да кеңейе түсті. Тұтастай алғанда қазіргі Түркістан (Орта Азия) қоныс тепкен жер бір кезгі Түркі қағанатының аумағы», – дейді ол.

 Алайда Бахтияр Ерғашевтың айтуынша Орта Азияның атауын ауыстырып, Түркістан атты тарихи түсінікті «тірілту» теріскейдегі көршімізге ұнамауы мүмкін.


«Түркі елдерінің Түркістан туының астына бірігіп, аймақтағы ірі ойыншыға айналуын Ресей әсте құптамайды. Бұл мәселе аймақтық деңгейде көтерілер болса, Мәскеу «орыс әлемін» желеу етіп, тырнақ астынан кір іздеуге көшуі әбден мүмкін».

Ал Марат Шибұтовтың пікірінше, соңғы кезде АҚШ билігі «Үлкен Орта Азия» атауын қолданысқа енгізуге тырысып бағуда.

«Үлкен Орта Азияға» Ауғанстанды да қосып қойған. Мұның саяси астары айқын. АҚШ біздің елдердің Ауғанстанның «демеушісі» болғанын қалайды. Ауғанстанды экономикалық тығырықтан шығаруға біздің елдерді де жауапты еткісі келеді», – дейді ол.

Зерттеуші, этнограф Тынымбай Дайрабай ақын Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» атты толғауынан мысал келтірген екен.

«Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой...» дейді Мағжан. Демек, Түркістан – түркі халықтарының, одан да кеңірек айтсақ, Шығыс халықтарының ақ ордасы, астанасы болғанын аңғарамыз.

 Тарихи құжаттар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сол тұста-ақ әлемге белгілі болғанын растайды.


Түркістан аты шығыс жазбаларында VІІІ-ІХ ғасырларда атала бастаған. Араб зерттеушісі Ибн Хордадбек Түркістанды «Түркілер елі» деп жазса, географ әл-Якуба бір еңбегіне: «Түркістан» деп ат қойған», – дейді ол.

Дайрабайдың пікірінше Түркістан атауының бүкіл түркі жұртына мәшһүр болуы – сопылық ілімнің ірі өкілі Қожа Ахмет Ясауи ілімінің етек жаюымен және Ақсақ Темірдің жарлығымен салынған бүгінде күллі түркі жұртына әйгілі Қожа Ахмет кесенесімен байланысты.

«Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы ғалымдар, зерттеушілер ХVІІ-ХVІІІ ғасырдан бері жазып келеді. Осы бір ғажайып ескерткіш-кешен жайлы қанатты сөздер де кең тараған. «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деп, Түркістанды ерекше қала санайтындар да аз емес. Мұның өзі түркі ғана емес, шығыс халықтары арасында да Түркістанның қадірі мен қасиетін айғақтаса керек», – дейді зерттеуші.

Ал, сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Орта Азияны Түркістан деп орынды ма? Орынды болса, жуыр арада орындала қоя ма? Аймақтың Түркістан аталуын теріскейдегі көршіміз қалай қабылдайды?..

 

 

Роллан МҰҚАМЕТҚАЛИЕВ


 

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x