Нұрасыл тағы да тұғыр биігінде

Dalanews 21 сәу. 2019 10:43 327

Өткен аптада Шу ауданына белгілі жас спортшы, таэквондодан екі мәрте Қазақстан Республикасының жеңімпазы атанған Нұрасыл Қуандық кезекті жеңісіне қол жеткізді. Нақтырақ айтар болсақ, жерлесіміз Украина мемлекетінің Харьков қаласында өткен халықаралық жарысқа қатысып, алтын медальға ие болды.

Нұрасыл өзінің алғашқы кездесуінде украиндық қарсыласынан басым түссе, жартылай финалда түркиялық спортшыны сан соқтырған. Ал, ақтық сында татами иесінен айласын асырып, кезекті мәрте жеңімпаз болып отыр. Осылайша, байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды көкте желбіретіп, әнұранымызды асқақтатып қайтты. Нұрасыл Қуандықты алғашқы ұстазы Марат Тілеуқұлов бастаған шулық спортшылар үлкен құрметпен күтіп алды. Алғашқы ұстазы деп екпін түсіруіміздің де өзіндік себебі бар. Өйткені, Шу аудандық таэквондо федерациясының президенті, белгілі жаттықтырушы Марат Тілеуқұлов Нұрасылды 8 жасынан бастап спортқа баулып, 5 жыл бойы шәкіртіне таэквондоның қыр-сырын үйреткен. Ол былтырғы оқу жылынан бастап облыс орталығындағы спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатында тәрбиеленуде.

Сонымен қатар, Нұрасыл Қуандық үстіміздегі жылдың наурыз айында таэквондодан Өскемен қаласында өткен кадеттер арасындағы Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз атанған болатын. 65 келі салмақта өнер көрсететін Нұрасыл аталған жарыста бес бірдей қарсыласын жеңіп, ел чемпионы атанған. Сол жетістігінің арқасында ағымдағы жылдың шілде айында Иордания елінде өтетін Азия чемпионатының және тамыз айында Өзбекстан астанасы Ташкентте өтетін әлем біріншілігінің жолдамасына қол жеткізді. Сондай-ақ, шулық спортшы бұған дейін де бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. Мәселен, қаңтар айында ғана Біріккен Араб Әмірлігінде өткен халықаралық «Fujairah open» жарысында да алтыннан алқа тағып, абыроймен оралған еді. Оған қоса, 10-11 жастағы спортшылардың арасында екі мәрте Қазақстан чемпионы атанған. Осындай жетістіктерінің арқасында биыл ұлттық құрама сапына алынып, облыс намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүр. Бүгінгі таңда талантты таэквондошы еліміздің ұлттық құрамасымен бірге Алматы қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізуге аттанбақ. Айта кетуіміз керек, аудан орталығы Төле би ауылындағы Сәду Шәкіров атындағы мектеп дарынды таеквондошылардың шеберханасы іспетті. Неге десеңіз, дәл осы мектепте оқыған Меруерт Әшірбекова таеквондодан үш мәрте Қазақстан чемпионы атанған. Кеше ғана жеңімпаз атанып келген Нұрасыл Қуандық та осы мектептің түлеп ұшқан. Еліміздің біртуар азаматы Қайрат Рысқұлбеков та аталмыш мектептен білім алған. Тіпті, ауданда ұзақ жылдар бойы үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан таэквондодан Қ.Рысқұлбеков атындағы дәстүрлі турнир бар. Белгілі жаттықтырушы Марат Тілеуқұловтың бастамасымен бұл турнир биыл 20-шы мәрте ұйымдастырылмақ.

 

Шу ауданы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x