Келер жылы Яссауи кесенесінің аумағындағы тарихи орындар қалпына келтіріледі

Dalanews 22 желт. 2018 05:00 288

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі аумағындағы тарихи орындарды қалпына келтіру жұмыстары 2019 жылы басталмақ.


Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Мамин, ҚР Мәдениет және  спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркістан қаласын дамытуға арналған іссапар барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты «Хан мешіті», «Хан ордасы» және Күлтөбе қалашығы мен «Жеті ата», «Дарбаза», «Мүсәлла», «Тәкия» қақпаларын аралады.


«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы мен қаланы түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде таныту және тарихи орындардың төл келбетін сақтай отырып, жандандыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі Түркістан қаласындағы 88,7 гектар аумақта орналасқан ортағасырдағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін анықтауға және қалпына келтіруге арналған жобаны дайындап шыққан болатын.


Жобаны әзірлеуге қойылатын барлық халықаралық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында жетекші ғалымдар мен халықаралық сарапшылар тартылып, алғашқы деректер, ғылыми және мұрағат мәліметтері зерттелсе, барлық ұсынылған реконструкциялар және археологиялық жұмыстар ЮНЕСКО өкілдерімен келісу арқылы жүзеге аспақ. Бұл жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді.


- «Бұл жұмыстарға біз белгілі халықаралық сарапшыларды қатыстырдық және «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің тұжырымдамасына сәйкес келетін Израиль, Испания, Ұлыбритания, Үндістан, Түркия, Өзбекстан және тағы басқа мемлекеттердің әлемге әйгілі тарихи кешендері мен музейлерін сақтау және реставрациялау тәжірибесін мұқият зерттедік.


Жобада ежелгі Рим қаласындағы Помпей, Иерусалим қаласы, Осман империясының ірі сарайы "Топқапы", Мевлана музейі тәрізді, сондай-ақ ЮНЕСКО объектілері болып табылатын және жыл сайын жүздеген миллион туристерді қабылдайтын тарихи кешендерді реконструкциялаудың және қалпына келтірудің үздік халықаралық тәжірибелері ескерілді»,-деді министр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар