Зияратшылар мен саяхатшылар үшін Үкаша ата құдығына жету жолы жеңілдеді

Dalanews 06 қар. 2018 10:54 201

 «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени  қорық-музейінің құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде  алынған,  жалпы көлемі - 90 гектар жерді қамтитын Үкаша ата кесенесі мен құдығына барар жолға биылғы жылы асфальт жол төселіп, абаттандыру жұмыстары жанданды.


   Зияратшыларға арнап арнайы демалатын бастырмалар мен орындықтар орнатылып, автотұрақ пен алаң және әжетханалар ретке келтірілді. 


  «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне қарасты 98 діни-рухани орындар мен ескерткіштер бар. Олардың әрқайсысының өз тарихы мен аңыз-әңгімелері жетерлік.


Туризм саласын дамытып-келушілердің ынтасын арттыру тек аңыз-әңгімелерді ғана насихаттау емес, тарихи орындардың көркі мен келбетін жақсарту, халыққа жайлы жағдай жасау. 


"Осы мақсатта-Үкаша ата кесенесі мен құдығы аймағында қуатты электр жүйесін тарту, ауыз суға арналған құдық қазу, абаттандыру сынды көптеген мәселелер «Әзірет Сұлтан» қорық- музейінің негізгі күн тәртібінде тұр.  Арнайы құбырлар тарту арқылы ағын су жүргізіп көркейту, көгалдандыру жұмыстары қарастырылуда. Мұның бәрі келушілерге, яғни туристерге сапалы қызмет көрсету үшін іске асырылуы тиіс шаруалар», - дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов. 


Бұған дейін, зияратшылар мен саяхатшылардың кесенеден  2 шақырымға жуық жердегі Үкаша ата құдығына қатынауы әжептеуір әуре-сарсаңға салатын.


Себебі, қос араның қашықтығы жаздыкүнгі ыстықта, көктем- күз айларындағы лай-батпақта жаяу адам түгілі көліктегі кісіні де қажытатын.


   Меккедегі зәм-зәм суының қасиетімен бірдей саналатын қыр басындағы құдыққа ағылған жұртшылық жуырда ғана төселген жаңа жол мен абаттандыру істеріне алғыстарын білдіруде. 



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x