Тоқаев Путинге "мінез көрсетті" - қытай басылымдары

Қаракөз Амантай 13 мар. 2024 14:03 9584

Күні кеше қытайлық Baijiahao порталында Тоқаев Путинге "мінез көрсетті" деген арандатушылық тақырыпта мақала жарыққа шыққан болатын. Мұнда Қазақстан Ресей аумағын айналып өтетін көлік бағыттарын салуға белсенді атсалысатыны аталып өткен. Ал қытайлық сарапшылар мұны Ресей Федерациясының мүддесіне қауіп төндіреді деп санайды. Осы тұста Dalanews.kz агенттігі саяси жағдайға шолу жасап шықты.

Қытай сарапшылары соңғы уақытта Ресей мен Қазақстан арасында шиелініске толы күрделі қарым-қатынас қалыптасып келе жатқанын баса айтуда.

Олар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болғаннан бері Астана мен Мәскеу арасында келіспеушіліктер көбейіп кеткенін, алайда аталмыш қиындықтарға қарамастан екі тарап әлі де ынтымақтастығын жалғастырып келе жатқанын атап өтеді.

Қытай журналистерінің мәлімдеуінше, Тоқаев Ресей Федерациясындағы серіктестерін елең еткізетін жаңалықтарымен таңқалдыруда. Осы тұста, Baijiahao басылымы біраз уақыт бұрын Мәскеуге Қазақстаннан келген жағымсыз жаңалыққа да тоқталып өтеді.

"Тоқаев жақында Сианьдағы Қазақстанды Қытаймен байланыстыратын көлік-логистикалық терминалдың іске қосылуына арналған шараға қатысты", - деп жазды қытайлық басылымдар.

Осы тұста олар, шарада Қазақстан басшысы жаңа логистикалық терминал халықаралық Транскаспий көлік дәлізін дамытуға серпін беретініне назар аударғанын атап өтеді. Baijiahao бақылаушылары Қазақстан билігінің бұл жобаға үлкен бәс тіккенін байқаған.

Транскаспийлік көлік жолы Қытайды, Орталық Азия мен Еуропа мемлекеттерін байланыстыруы керек. Бұл жобаның бір ерекшелігі – көлік Ресейді айналып өтеді. Ал Ресей үшін мұндай логистикалық жобаның пайда болуы және Қазақстанның оған белсенді қатысуы жағымсыз жаңалық болуы мүмкін.

"Қазақстан тек Ресейден өтетін көлік бағыттарын салуға қатыспайды. Бұл ел Әзірбайжанмен де жаңа мұнай құбыры бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Ол да Ресей Федерациясын айналып өтуі керек", - деп жазды қытайлық журналистер.

Қытай басылымдары, Тоқаевтың бұл әрекетін өткеннің еншісіндегі жағдаймен байланыстырады. Яғни, Қазақстан президенті 2022 жылғы оқиғаға жауап ретінде Ресей президенті Путинге "мінез көрсетіп жатыр" деген тұжырымды алға тартады. Өйткені, Қазақстан экспорттайтын мұнайдың қомақты бөлігі Каспий құбыр консорциумының нысандары арқылы өтеді, ал Ресей екі жыл бұрын қоршаған ортаны қорғау мақсатында Қазақстаннан жанармай тасымалдауды уақытша тоқтатқан болатын. Baijiahao журналистерінің айтуынша, Тоқаев бұл оқиғадан кейін Ресей Федерациясына ренішін білдірген. Содан бері оған есесін қайтаруды ойластырып келген дейді.

"Алайда аталмыш жобада Тоқаевтың айының оңынан тууы үлкен сұрақ. Себебі Мәскеуде бұл әрекетке жауап берудің бірнеше нұсқасы бар" - дейді қытайлық басылымдар.

Бұл болжамның жаны бар. Себебі жақында өздеріңіз білетіндей Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға сапары аясында екі ел арасында 14 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде екеуі ерекше қызығушылық тудырады. Бірі - "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы қазақстандық мұнай транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісім. Ал екіншісі - "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы қазақстандық мұнайды сатып алу-сату саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандум.

Мұнай мен мұнай өнімдері Қазақстан бюджетінің негізгі кіріс көзі болғандықтан, екі құжаттың да еліміз үшін маңызы зор. Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы мәліметтері бойынша битумдық материалдардан алынған мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортының үлесі 54,2%-ды құрады. Осы тұста еліміз әлі де "қара алтынға" толығымен тәуелді екенін байқауға болады.

Осыған байланысты Қазақстан Қытай, Каспий теңізі, Әзірбайжан, Грузия арқылы және одан әрі Еуропа елдеріне өтетін Транскаспий халықаралық көлік қозғалысының (Орта жол) мүмкіндіктерін белсенді түрде арттыруда.

"Әңгіме Қытай тауарлары және қазақстандық мұнай мен астықтың транзиті туралы болып отыр. Мұнай батысқа үш бағытта қозғалады: КҚК құбыры арқылы (Ресей арқылы Новороссийскке дейін), Каспий порттарынан Бакуге дейін (бұдан әрі БТД мұнай құбырына ауыстырып тиеумен) және ресейлік "Транснефть" ЖАҚ жүйесі арқылы - Беларусь және Польша арқылы Германияға. Ресей транзитінің басты проблемсы - санкциялық қарсылықпен және Новороссийсктің ықтимал соғыс аймағында орналасуына байланысты. Ол жақтан мұнай Румынияға кеткенімен, ал жанар-жағармай, сайып келгенде, сол Украинаға келіп тіреледі", - деп жазды саясаттанушы Данияр Әшімбаев Telegram арнасында.

Саясаттанушы саяси тұрғыдан алғанда, Ақтау-Баку желісі арқылы мұнай экспортын кеңейту ең тұрақты нұсқа екенін айтады. 2023 жылы бұл бағыт бойынша 1 миллион тоннадан астам мұнай жөнелтілсе, ал 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында 230 мың тоннадан астам мұнай жөнелтілді. Әзірге жалпы жылдық лимит шамамен 1,5 миллион тоннаны құрайды, ал Қазақстан Әзірбайжан арқылы жеткізу көлемін айтарлықтай арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ тапсырманы орындауға кедергі келтіретін бірқатар мәселе бар.Осы тұста Exclusive.kz порталы оның бірнеше себебін атайды.

Бірінші мәселе жүк тасымалдауға арналған танкер мен контейнерлік флоттың ақсап тұруы. Ал екі флотты көбейту қымбатқа түседі. Жүк тасымалын кеңейтудің екі жолы бар. Бірі кемелерге шетелге тапсырыс беріп, кейін оларды Каспий теңізіне жеткізу немесе Қазақстан, Түркіменстан және Әзірбайжан елдерінің біріккен күштерін кеме жөндеу зауытын салуға пайдалану. Бұл үшін Еуропалық Одақ, АҚШ немесе Парсы шығанағы елдерінен шетелдік инвестиция тартуға болады. Бірақ бұл үлкен шиелініске әкелуі мүмкін.

Тағы бір мәселе Ресми Тегеранның Каспий теңізіндегі танкер флотын ұлғайту мәселесінде және теңіз түбін бойлай құбыр тарту мәселесінде де үзілді-кесілді қарсылық танытуы. Иранның көрнекті ғалымдары мен экологтарының бірі, доктор Мохаммад Дарвиш сонау 2018 жылы атап өткендей, сол жылдары Каспий теңізінің ластануы нормадан 40 есе жоғары болған, соның салдарынан бекіре тұқымдас балықтардың саны күрт азайғанын айтады. Каспий итбалығының табиғи көбеюінің төмендеуі де байқалған.

Келесі күрделі мәселе – Қазақстанның Құрық, Ақтау және Баутино порттарының өткізу қабілетіне әсер етуі мүмкін Каспий теңізінің тайыздану үдерісі. Осыған байланысты, көлік паркін ұлғайту туралы шешім қабылданған күннің өзінде, үлкен сыйымдылықтағы кемелерді жасау тиімсіз болатыны анық.

Еске сала кетейік, 2017 жылы басталған Орталық дәліздің маңыздылығы 2022 жылы Украинадағы соғыс қимылдары басталғаннан кейін күрт өсті. Соның салдарынан Қазақстан ғана емес, Еуропа елдері де Ресей аумағы арқылы өтетін Солтүстік бағытқа балама жол іздей бастады.

Ал Ресей мен Иран Орталық дәлізді дамытуға барынша қарсы тұруы мүмкін. Ал егер Байдзяхао басылымына қайта оралсақ, шын мәнінде Ресейдің өз мүддесін айналып өтетін жобаларға қарсылық танытуға соншалықты қауқарсыз емес.


Рекомендовать
Последние новости