Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары төменгі сортты көмірді пайдалана отырып биотыңайтқыш әзірлеп шығарды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі сілтеме жасап.
Қазақ-Неміс-Қытай халықаралық қолданбалы микробиология ғылыми зертханасының мамандары жүзеге асырған жобаның басты мақсаты – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – топырақтың тұздануын қалыпқа келтіру және төменгі сапасыз көмірді кәдеге жарату.
Ғалымдар өнімді сұйық және ұнтақ күйінде шығарады. Биологиялық тыңайтқыш дақылдардың өнімділігін арттырып қана қоймай, адамдар мен қоршаған ортаға ешқандай зиянын тигізбейді.
– Топырақтың тұздануы әлем бойынша экологиялық мәселе болып табылады, яғни топырақтың тұздануы адам денсаулығы мен өсімдіктің өнімділігіне кері әсер етеді.
Бүгінгі таңда өзекті мәселені жою үшін түрлі химиялық әдістер қолданылады. Дегенмен бұл әдіс тиімді нәтиже көрсеткенімен, қоршаған ортаға зиян келтіреді.
Ал біздің дайындаған биологиялық өнім тек экономикалық тұрғыдан емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласы үшін де қауіпсіз және тиімді. Тұзданған және қарапайым топырақта микроорганизмдердің қалыпты микрофлорасы болады. Біз сол микрофлораны бөліп алып, солардың көмегімен төменгі сапалы көмірді биосолюбилизациялау арқылы гуминді зат бөліп алып, алынған өнімді тыңайтқыш ретінде енгіземіз.
Кейін тыңайтқышты тұзданған топырақпен араластырғанда оң нәтиже береді. Демек, топырақтағы тұздың концентрациясы азайып, қалыпты нормаға келтіріледі, – дейді ҚазҰУ-дың кіші ғылыми қызметкері Бекзат Каменов.
Ғалымдар аталған ғылыми жобаны нарыққа шығаруды көздеп отыр. Бүгінгі таңда зертхана мамандары өнімге патент алу және коммерцияландыру бойынша жұмыстарды жүргізуде.