Қазақстан энергетика дағдарысынан қалай шығады?

Dalanews 14 дек. 2022 06:16 1474

Қазақстанның энергетика саласы тығырықтан қалай шығады? Қордаланған мәселені шешудің жолы қайсы? Дағдарыс қамытынан құтылу үшін қанша шығын күтіп тұр? Осы түйткілдердің жай-жапсарын энергетикалық сарапшы, PhD докторы Алмаз Әбілдаев айтып берді.


– 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның энергетика саласының жағдайы қандай?

– Қазір бұл саладағы басқару үлгілері өзгеріске ұшырап жатыр. Мұнай өнеркәсібі арқылы әжептәуір табысқа қол жеткіздік. Атап айтқанда, уранның, басқа да металдардың үлкен ассортиментін сатамыз. Жақында Қазақстан сирек кездесетін жер металдарын игеруге кіріседі.

Менің есептеуім бойынша, қолайлы сыртқы экономикалық жағдайды ескерсек, биыл 12 миллиард долларға дейін кіріс аламыз. Қазақстан 2007 жылдан бері алғаш рет мұндай табысқа ие болайын деп тұр.

Әлемдік бағамен салыстырғанда, жақсы энергетикалық жағдай жасалды, біз мұның игілігін көруіміз керек. Мұнай өнеркәсібі олимпиадалық рекордтар орнатып, мұнай өндіру ісі өсуде. Қазақстанда тіпті адам ресурстарын басқару саласында да жоғары технологиялық тәжірибені қолданатын трансұлттық компания (ТҰК)  бар.

Яғни, барлық батыс тәжірибесі, бизнес тәсілдері, логистика да осында.

Алайда, энергетика саласында жағдай мәз емес. Бізде іс жүзінде генерацияның 80 пайызы көмір арқылы жүзеге асырылады. Тіпті, уақыт өте келе бұл көрсеткіш артуы мүмкін. Әрине, бізде көмір қоры мол. Қазақстанда 300 жылға жететін 78 миллиард тонна көмір қоры бар.

Алайда, біздегі шындық басқа. Біз қысқа мерзімде көмірден бас тарта алмаймыз. Сондықтан басқа салаларға назар аудара отырып, декарбонизация желісі бойынша мұқият жұмыс істеу керек.


Меніңше, Париж келісімі жан-жақтан соғылған геосаяси дауылды ескере отырып, қайта қаралады немесе кейінге шегеріледі. АҚШ-та республикашылдар билікке келсе, олар бұл келісімнен қайтадан шыға алады. Жалпы, ұлттық мүддеміз кеңестік сипаттағы бұл құжаттан жоғары тұруы керек. Ал біз оны мантра сияқты қабылдаймыз.

Елімізде 2021 жылдан бастап электр энергиясының тапшылығы байқалды. Бірақ мұнай өндіру  өнеркәсібі ойдағыдай жүріп жатыр. Сондықтан бүкіл энергетика саласы нашар күйде деп айту мүмкін емес. Қазір осы факторды ескере отырып, Энергетика министрлігін екі органға бөлу туралы шешім саяси деңгейде қабылданып жатыр. Мұнай және газ министрлігі мен Энергетика және атом өнеркәсібі министрлігі бөлек-бөлек болады.


PhD докторы Алмаз Әбілдаев

– Қазақстан энергия тапшылығын қашан және қалай еңсере алады?

  Тұрғындар электр қуаты розеткадан алынады деп ойлайды. Іс жүзінде электр энергиясының тозуы және жоғалуы үлкен мәселе болып қала береді. Қазақстанда Солтүстік-Оңтүстік электр желісінің ұзындығы 1400 шақырымды құрайды. Солтүстік энергияға бай.

Ал халық тығыздығы жоғары оңтүстікте тапшылық басталады. Сондықтан біз электр қуатын сол жаққа, мысалы, Қазақстанның солтүстігінен тасымалдаймыз. Дегенмен, бұл жағдайда электр энергиясы 30 пайызға дейін жоғалады.


Бұған қоса, жақында Өзбекстан энергияның жоғалып кетуінен өшіп қалу қаупі бар екенін ескертті. Есте болса, 2022 жылдың басында Қазақстанның, Өзбекстанның және Қырғызстанның кейбір аймақтары жарықсыз қалған еді. Қайта олардың ескерткені жақсы болды, енді біз олардың жалпы желідегі шамадан тыс жүктемесін тегістей аламыз.

Қазақстанның электр энергетика саласын дамытып, мәселесін шешуге 20 жыл уақыты бар. Мұны шешуге 30 миллиард доллардан астам инвестиция қажет. Инфрақұрылымды толықтай жаңарту қажет. Сонымен қатар, бағаны бірден бірнеше есеге күрт көтеру мүмкін емес. Бұл әлеуметтік наразылықтың туындауына алып келеді.

– Қазақстанның энергетика саласында қордаланған мәселелерді шешу үшін инвестициядан басқа не қажет?

Мәселені ашық мойындау үшін ең алдымен биліктің батылдығы керек. Бұл түйкілдер 10-20 жылдың ішінде нақты шешілсе де, үлкен жетістік болар еді. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев бұрынғы режимнің көптеген кемшіліктерін мойындады. Олар өткенді парақтап, нақты даму сатысына көшті. Енді Қазақстан да алдына қол жеткізуге болатын мақсаттар қою керек. Мұнай өнеркәсібінен түскен қаржыны электр энергетикасына бөліп, инфрақұрылымдарды – қазандықтарды, турбиналарды, желілерді кезең-кезеңмен ауыстыру қажет.

– Қазақстан Үкіметі қазір «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керектігін айтып отыр. Мұны энергетикалық жаңғыртудың ең маңызды драйвері деп санайды. Жобаның нақты перспективасы туралы не айтуға болады?

Өкінішке қарай, «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы мәселені шешудің жүйелі механизмі емес. Меніңше, жалғыз бағдарламаның өзі тығырықтан шығара алмайды. Кем дегенде, қосалқы, яғни резервтік жоспарларды әзірлеп, «максималды бағдарлама» және «минималды бағдарлама» жасау қажет. Біз жаңарудың 3 толқынын жіберіп алдық. Мәселен, көрші Қырғызстанда инфрақұрылымның бір бөлігінің тозуы 90 пайызға жақындап қалды. Бірақ қаражаттың жоқтығынан оны жаңарта алмайды. Ал бізде қаржы бар, бірақ әлі ауқымды жаңғырту жүргізіп жатқан жоқпыз.

Қазір біз энергетика саласын басқаруда түбегейлі көзқарас қажет екенін түсіндік. Жаңа жағдайлар мемлекеттік реттеу мен нарықтық қатынастар арасындағы нәзік тепе-теңдікті талап етеді. Меніңше, мына шындықты айтқан дұрыс: электр энергетикасын мемлекеттен басқа ешкім құтқара алмайды. Мемлекет инвестор ретінде әрекет етпесе, ешкім жасамайды.


ТМД елдеріндегі ең төменгі бағалардың бірі болып саналатын қазіргі 25 теңгелік орташа тарифті 200 теңгеге көтерсек те, бұл ахуалды реттей алмайды. 1960-1980 жылдары салынған барлық инфрақұрылымды жаңғырту үшін алдымен орасан зор ақша салу керек. Еске сала кетейін, сол жылдары Қазақстан 26 ГВт электр қуатын өндіруге қол жеткізді.

Қандай да бір мифтік инвесторға сүйеніп, аға ұрпақтың таң қалдырған жұмысын қайталау қиынға соғады. Инфрақұрылымды жөндеу үшін біз мемлекеттік инвестицияға сенуіміз керек. Ал тұңғиықтың шетінен алыстаған кезде ғана инфрақұрылымның қай бөлігінде жеке инвесторларды тартуға тұрарлық екенін көруге болады. Бұл жерде логика болса, әрине. Жаңа базалық инфрақұрылымды өзіміз жасамайынша, бізге инвестор келмейді. Бізде тарифтер өте төмен, мемлекет энергетика саласының субсидияланатынын мойындауы керек. Әйтпесе, инфрақұрылымның одан әрі нашарлауын байқайтын жағымсыз сценарий орын алуы мүмкін.

– Соған қарамастан, қазірдің өзінде бірқатар жобалар іске қосылды. Энергетика министрлігі жаңа жылу электр стансаларының қажеттілігі туралы айтып, Көкшетауда жылу электр орталығын салу үшін тендер дайындалып жатқан көрінеді...

– Өйткені, біздегі жылу электр станциялары 1940 жылдары, кейбірі 1930 жылдары салынған. Сәйкесінше, жылу электр станциялары жабдықтарының әбден тозығы жетті. Мұның соңы Петропавлда болған ауыр жағдайға әкелді.

Айтып өткенімдей, Қазақстан 30 жылда энергетика саласын – негізінен электр энергетикасын қаржыландырудың үш кезеңін өткізіп алды. 30 жыл ішінде салалық жобаларға жүйелі түрде 10-15 миллиард доллар инвестиция құю керек еді. Турбиналарды, қазандықтарды, желілерді жаңарту қажет болатын. Ал біз мұның орнына кеңестік мұраны белсенді түрде пайдаланып келдік. Мейлінше, жаңа жылу электр станцияларын салу қажет. Ескі ЖЭС-тердің тозып кетуі қазір демографиялық процестерге, Қазақстандағы халық санының өсуіне кері әсерін тигізеді.

- Сіздіңше, энергетикалық дағдарыстан шығу үшін Қазақстанға бір АЭС жеткілікті ме?

- Бір АЭС салып алсақ жақсы. Оның өзіне 12 жыл кетеді. Мұның өзі екі энергоблоктан тұрады. 1200-ден 2400 вт. Болашақта екінші АЭС-ті еліміздің оңтүстік немесе батыс өңірінен салу керек шығар. Яғни, қай жақта тұтынушы көп, не болмаса энергия көзі тапшы, сонда салу қажет. Айта кету керек, Беларусь мемлекеті алты жылда салып алды.

- Кей өңірде энергияны шамадан тыс қажет ететін өнеркәсіп орындары көп. Оларға бір қала тұтынатын энергия кетуі мүмкін екен...

- Экономика қалай дамиды? Дамыған мемлекеттерде электр қуатының 20 пайызын алдын ала жүргізіп отырады. Яғни, керекті энергия көзінен 30-40 пайызға артық өндіреді. Негізі электр энергия болмаса, ештеңе дамымайды. Экономика ілгері баспайды, ЖІӨ өспейді. Адамзатқа ең керекті дүние интернет те емес. 31 жылда бір нысан салмадық. Тым болмаса, жаңа жылыту электр станциялары да бой көтермеді. Жаңа технологиямен салынған ЖЭО-ларға көмір көп кетпейді.

Біздегі ең үлкен мәселе – ауызбірлік жоқ. Энергетика министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бірдей пайымға келу керек. Популизмді қою керек.


Жасыл энергетика деп желдеткіштерді, күн батареяларын қойып, энергия тапшылығын шешуге атсалысамыз деу мүмкін емес. Бұл баламалы энергия көздері -40, +40 температуралы мемлекетке келмейді. Қазір бұрынғыдай емес, үкімет мүшелері де жерге түсіп, жұмыс істеуге көшіп жатыр. Мәселен, АЭС энергия көзін ғана емес, ғылымды да дамытады. Кейін өзіміз игерсек, жаймен ядролық отын өндіреміз. Бізде уран қоры мол. Ядролық отынның үш-төрт түрін игерсек, уранның өзімен қыруар қаржы табуға болады. АЭС салынса, ғылымға  серпін берілсе, әрі қарай дамитын жол көп.

Халықаралық МАГАТЭ бойынша 150-ден астам мемлекет АЭС салуға ұсыныс жасапты. Сондықтан АЭС-тің 3+ буынында эмиссия жоқ, ауаны ластамайды. Былтыр желтоқсан айында Түркиядағы Аккуюда салынып жатқан АЭС-ті көрдік. 4 энергоблок салып жатыр. Іштей қызғанып қаласың. Дәл сондай 4 энергоблок Қазақстанның екі жағында тұрса, керемет қой.

Сіздіңше АЭС-ті қай мемлекет салғаны жөн...

– Бұл мемлекеттік тұрғыдан шешілетін мәселе ғой. Бірақ Түркия неге Ресейді таңдады? Себебі, Жапония мен Франция 42-44 млрд АҚШ долларын сұраған. Ал Ресей 22 млрд долларға салып, оған қоса мамандарды оқытады. Айырмашылық жер мен көктей ғой. Түріктер осының бәрін ескерді. Келесі жылы бір энергоблогы іске қосылады. Бұл АЭС 60 жылға дейін жұмыс істейді екен. Тіпті, 80 жылға дейін энергиямен қамтамасыз ететіні есептелген. Сонда мемлекет 20 жыл қаржысынан құтылса, қалған 40 жыл таза мемлекетке, халыққа жұмыс істейді.

Кейбір компания қағаз бойынша бәрін қатырамыз дейді. Шын мәнінде, тәжірибе жүзінде бір нысан жұмыс істеп тұр ма? Осы жағына көңіл бөлу қажет.


Оның үстіне Қазақстан Германия сияқты бай мемлекет емес. Егер тариф бағасын 200-300 теңге қылатын болсаң, жапондарды шақырасың, 60 теңге болсын десең - Ресейді.

Тағы бір нәрсе – Росатом Беларусь мемлекетіне АЭС-ті қалай тез және арзан салып берді? Бұлардың да тәжірибесін зерттеу қажет.

ТМД бойынша ең арзан жанармай, энергия көзі бізде екен. Мемлекет бағаны ұстап тұр.

Көрші Өзбекстанда АИ-95 жанармайы – 500 теңге, Грузияда – 700, Түркияда – 880 теңге. Бұларда баға құбылмалы. 2025 жылы қаңтардан бастап Еуразиялық одақ аясында бірыңғай энергия кеңестігі күшіне енеді. Ол кезде баға бірдей болады. Сол себептен АЭС салар кезде түріктер сияқты прагматикалық тұрғыдан арзан әрі сапалы жағына мән беру керек шығар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Рекомендовать
Последние новости