Адвокаттық және құқықтық көмек жүйесін дамыту

Dalanews 05 қаз. 2017 13:59 322

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Адвокаттық және құқықтық көмек жүйесін дамыту туралы» әңгіме қозғалды. Брифингке спикер ретінде БҚО әділет департаменті басшысының м.а. Х.Құсдәулетов, Орал қалалық әділет басқармасының басшысы Е.Рашқалиев, БҚО адвокаттар алқасының адвокаты Ғ.Ищанов, «JMC GROUP» ЖШС бас директоры А.Ветрова шақырылды.

Х.Құсдәулетовтың сөзінше, Қазақстандағы «Адвокаттық қызмет туралы» тұңғыш Заң 1997 жылы қабылданған. Заңда қаралған жағдайларда құқықтық көмек тегін көрсетілуде. Жыл сайын мұндай тегін көмекті елімізде 150 мыңға жуық адам алып отыр. БҚО-да осы жыл басынан бері 3140 азамат тегін құқықтық көмек алған (2016 жылы - 2991).

Күні бүгін Қазақстандағы адвокатура республикалық және 16 аумақтық алқадан құралған. Адвокаттардың жалпы саны 4 мыңнан асады. Соған қарамастан, олар әлі күнге жеткіліксіз. Адвокатттардың көмегіне мұқтаж азаматтар ол көмекті ала алмайды немесе өте қымбат бағаға алады.

Қазіргі таңда БҚО-да 1 адвокаттар алқасы жұмыс істеуде, оған 151 адвокат мүше. 122-сі Орал қаласында, 29-ы аудандарда қызмет көрсетеді. Мәселен, Бөкей ордасы, Қазталов, Жаңақала аудандарында бір-бір адвокаттан ғана бар (республика бойынша орта есеппен 4 мың адамға 1 адвокаттан келеді. Италияда бұл көрсеткіш – 260, Германияда – 500, Ұлыбританияда - 900).

Жаңа Заң жобасында Pro bono тәсілін енгізуге, яғни халықтың әлсіз топтарына тегін құқықтық көмек көрсетуге зор мән берілген. Шетелдерде адвокаттың беделі оның әлеуметтік жауапкершілігімен тығыз байланысты. Тұрмысы төмен азаматтарға көмек беру арқылы ол қоғамдағы өзінің беделін де біршама арттырады.

Жалпы, осы саладағы көптеген олқылықтардың орнын толтырып, түйткілді мәселелерді шешу үшін «Адвокаттық және құқықтық көмек жүйесін дамыту туралы» жаңа Заңның жобасына төмендегі жаңалықтар енгізіліп отыр:

1.Адвокаттар алқасына кіру жарнасын төлеуге заң жүзінде тиым салынды (күні бүгін кіру жарнасы 680 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін құрайды, бұл адвокаттық қызметпен шұғылданғысы келгендерге едәуір кедергі келтіруде).

  1. Адвокаттың құқықтық мәртебесін нығайту


1) Теріс әрекеттері бойынша нотариус, жеке сот орындаушысы лицензияларынан айырылған, құқықтық кеңесшілер палатасы реестрінен шығарылған азаматтарға адвокаттық қызметпен шұғылдануға тиым салынды.

2) Адвокаттарға қосымша құқықтар мен кепілдіктер беру:

-Адвокаттар соттардың, прокуратураның, ішкі істер органдарының, анықтау және алдын ала тергеу органдарының әкiмшiлiк ғимараттарына, ұсталғандар, тұтқынға алынғандар және жазасын өтеп жатқандар отырған орындарға қорғаушы ретінде өзiнiң адвокаттық куәлiгiн көрсетуi арқылы және сол мекемелердің жұмыс кестесіне сай еш кедергісіз кіре алады, бұл тек антитеррорлық операцияларды жүзеге асыру немесе уақытша шектеулер қойылған кезде ғана мүмкін болмауы мүмкін; 

- процессуалдық әрекеттерді, басты сот отырысының жүру барысы мен нәтижелерін айғақтау барысында, сонымен қатар, қорғаушы немесе заңды өкіл ретінде қатысқан жағдайда ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға құқылы;  

  - қылмыстық белгілері бойынша құқықтық көмек көрсетіліп жатырған істегі адвокаттың әрекетіне соттың жеке қаулы шығаруына тиым салу;

- адвокаттар алқасын адвокаттың ұсталғаны, қамауға алынғаны туралы ақпаратпен дереу құлақтандыру, мүмкін болмаған жағдайда 24 сағат ішінде хабарлау;

- заңмен белгіленген тәртіпте адвокаттық қызметті жүзеге асыру қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқығы;

-адвокаттың үйін, қызметін жүзеге асыратын өзге де иелігін, ғимаратын қарау және тінту кезінде адвокаттар алқасы өкілінің болуы, адвокаттың құжаттары мен заттарына уақытша қол жеткізуі және т.б.

3) Адвокаттар Кәсіби этика кодексін; Қазақстан Республикасының адвокаты антын; құқықтық көмек көрсету қағидаларын; өзінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру мәселелерін қатаң сақтауға және орындауға міндетті және т.б;

4) Адвокаттың жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізілді. Ол әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар (Германия, Франция) (Заң жобасының 30 бабы).

  1. Е-адвокатура ережелері заңдық тұрғыдан бекітілді. Е-адвокатура мүмкіндіктері адвокаттарды аттестациялау, мемлекетпен кепілдендірілген құқықтық көмек көрсету бойынша адвокаттардың тізімін жасауда (Заң жобасының 25 бабы).

  2. Тағылымдамадан өту талаптары қайта қаралды: адвокаттар стажерларының тағлымдамадан өту тәртібі туралы Ережені жасап, бекіту республикалық адвокаттар алқасының құзырына берілді, олар өз кезегінде құзіреттін органмен келіседі, тағлымдамадан өту мерзімі 3 жыл.

  3. Адвокаттыққа үміткерлерді аттестациялаудан өткізу тәртібіне талап күшейтілді (Заң жобасының 34 бабы):


- аттестациядан босатылған тұлғалар тізбесі қайта қаралды (прокуратура мен тергеу органдарынан босатылған тұлғалар алынып тасталды);

- аттестатция кезінде Е-адвокатура мүмкіндіктері қолданылады (аттестациядан, кешенді компьютерлік тестілеуден өтуге өтініш беру);

- Аттестациядан өту мазмұны қайта қаралды. Алғашқы кезең – заңдылықты білуге арналған кешенді компьютерлік тест, ақыл-ой қабілетін тексеру, адвокаттық қызметке психологиялық даярлығын анықтау. Екінші кезең – адвокаттар қауымдастығы даярлаған практикалық тапсырмалар;

- аттестациядан қайта өту мүмкіндігі мерзімдері алынып тасталды (бұрын бір жыл);

  1. Адвокаттық қызметке кірісер алдында адвокаттың ант беруі, сот отырыстарында мантия киюі талаптары қарастырылды. (Австрия, Грузия, Түркия, Германия) (Заң жобасының 24 бабы).

  2. 8. Адвокаттық құпия туралы ережелер күшейтілді. Адвокаттық құпияны сақтау уақыт жағынан енді шектеусіз әрі адвокат үшін міндетті болады; адвокаттық құпияны сақтау талаптары таралатын тұлғалар тізімі ұлғайды (адвокаттық қызметпен айналысу құқығы уақытша тоқтатылған немесе жойылған тұлғалар);

  3. Құқықтық көмек көрсету комиссиясымен келісе отырып, көрсетілетін құқықтық көмектің тарифтік кестесін жасап, бекіту туралы талап қарастырылды. Тарифтік кесте ұсынба сипатында, жариялы түрде болады.

  4. Адвокаттық кеңсе мәртебесі кеңейтілді. Қазақстанда 149 адвокаттық кеңсе жұмыс істейді. Коммерциялық емес ұйым түрінде құрылған адвокаттық кеңселердің қызметін талдау көрсеткендей, олар осы заманғы талаптарға сай емес, құқықтық көмекті тиімді көрсете алмай отыр. Заң жобасында адвокаттық кеңсе өз алдына дербес коммерциялық емес ұйым ретінде қарастырылды. Адвокаттық кеңсеге құрылтайшы болған адвокаттар өз араларында бір-бірімен әріптестік шарт жасасады, адвокаттық кеңсеге құқықтық көмек көрсету жөнінде шарт жасасу құқығы беріледі (Заң жобасының 58 бабы).

  5. Адвокаттарды тәртіптік жауапкершілікке тарту ережелері жетілдірілді (Заң жобасының 67, 68 баптары):


1) тәуелсіз адвокаттық тәртіптік комиссиялар құрылып, олар тек жалпы жиналысқа есеп береді. Тәртіптік комиссиялардың құрамына адвокаттар, құзіретті органның өкілдері, судьялар кіреді. Тәртіптік комиисия төрағалығына адвокат бекітіледі.

2) Республикалық адвокаттар алқасының тәртіптік комиссиясы құрылады. Аталмыш органның құзыретіне адвокаттар тәртіптік комиссияларының шешімдеріне, әрекетіне немесе әрекетсіздігіне келіп түскен шағымдарды қарау, адвокаттар алқасының басқарушы органдарын тәртіптік жауапкершілікке тарту жатады. Тәртіптік комиссияны құру механизмі аумақтық тәртіптік комиссияларды құру процедураларымен бірдей.

3) тәртіптік шаралар тізімі қайта қаралды (ұйғарым, ескерту, алқаға мүшелігін уақытша тоқтату, алқадан шығарып тастау).

Адвокаттар алқасының қызметі туралы ақпараттарды ашық жариялау талабы қарастырылды (адвокаттар алқасы мүшелерінің тізімі, кешенді әлеуметтік құқықтық көмектер көрсету жайлы, алқа мүшелерін тәртіптік жауапкершілікке тарту турасында, толық қаржы-шаруашылық қызмет есебін беру туралы және т.б.) Мұндай ашықтық талаптары республикалық адвокаттар алқасы қызметіне де ортақ (Заң жобасының 44,60 баптары)

Жаңалық ретінде Құқықтық көмек көрсету туралы комиссия институты заң жүзінде бекітіледі. Ол құқықтық қызмет көрсету субъектілері, олардың клиенттері және құзырлы органның арасындағы тепе-теңдікті жүзеге асыратын болады. Оның құрамына ҚР Жоғарғы сотының, ҚР Бас прокуратурасының, құқықтық кеңесшілер палатасының, республикалық адвокаттар алқасының, республикалық нотариалдық палатаның, республикалық сот орындаушылар палатасының өкілдері және тәуелсіз өкілдер кіреді.

Заң жобасындағы өзгерістердің бір бөлігі коммерциялық, жеке практика заңгерлеріне арналды (Заң жобасында бұл субъектілер заң кеңесшілері деп аталады). Жобада заң кеңесшісінің мәртебесі анықталды, оның қызмет түрлері айқындалды, құқытары мен міндеттері айқындалды, заң кеңесшісінің міндетті сақтандырылуы қарастырылды, өз-өздерін реттейтін ұйымдар – заң кеңесшілері палаталарын құруға құқық берілді, сотта тұлғалардың мүдделерін қорғайтын жеке тұлғалар палаталарына міндетті түрде мүшелікке өтуі ұйғарылды.

«Тұтас алғанда, аталмыш Заң жобасы адвокаттар тарапынан азаматтарға көрсетілетін құқықтық көмектің жоғары сапасын қамтамасыз етуді,  кәсіби этиканың биік стандарттарын қалыптастыруға ықпал етуді көздейді», - деп ойларын түйіндеді баяндамашылар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x