Иран мен АҚШ-тың келісім жоспары дайын

Қаракөз Амантай 06 сәу. 2026 13:20

Иран мен АҚШ-қа әскери қақтығысты тоқтатуға арналған жоспар ұсынылды. Егер келісім жүзеге асса, ол 6 сәуірде күшіне еніп, Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыруы мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Келісімнің мазмұны қандай?

Атысты тоқтатуға арналған негіздік құжатты Пәкістан әзірлеп, оны 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түні Иран мен АҚШ-қа жолдаған. Дереккөздің айтуынша, ұсыныс екі кезеңнен тұрады: алдымен – дереу атысты тоқтату, кейін – толыққанды келісімге қол қою.

"Барлық тетік бүгін келісіліп бітуі тиіс", – деді дереккөз.

Оның айтуынша, алғашқы уағдаластықтар өзара түсіністік туралы меморандум түрінде рәсімделмек. Құжатты тараптар Пәкістан арқылы электронды форматта бекітуді жоспарлап отыр. Қазіргі келіссөздерде Пәкістан негізгі байланыс арнасы ретінде қарастырылып отыр.

Ұсыныстың негізгі шарттары

Жоспарға сәйкес, атысты тоқтату режимі бірден күшіне еніп, Ормуз бұғазы ашылады. Бұдан кейін 15–20 күн ішінде кең ауқымды келісімнің толық нұсқасы пысықталады. Алдын ала "Исламабад келісімі" деп аталған құжат бұғазға қатысты өңірлік қауіпсіздік тетіктерін қамтиды. Соңғы келіссөздер Исламабадта өтуі мүмкін.

Сонымен қатар түпкілікті келісім аясында Иран ядролық қару жасауға ұмтылмау жөнінде міндеттеме алады. Оның орнына санкцияларды жеңілдету және бұғатталған активтерді босату мәселесі қарастырылмақ.

Әзірге АҚШ пен Иранның ресми өкілдері бұл мәселеге қатысты жедел пікір білдірген жоқ. Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Тахир Андраби де түсініктеме беруден бас тартты.

Айта кетейік, бұған дейін Axios басылымы 5 сәуір күні дереккөздерге сілтеме жасап, АҚШ, Иран және өңірлік делдалдар 45 күндік уақытша бітім мүмкіндігін талқылап жатқанын хабарлаған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove