Қазақстанның Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов инфляция деңгейі 12 пайыздан асқан жағдайда базалық зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар 10 пайызға индексацияланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, 2026 жылға әлеуметтік салаға 10,5 трлн теңге қарастырылған.
Вице-министрдің сөзінше, мемлекеттік қолдау шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарға ғана бағытталуы тиіс. Ол цифрландырудың арқасында түрлі заңбұзушылықтар анықталып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, жалған мәмілелер жасау немесе жасанды түрде ажырасу секілді жағдайлар тіркеліп отыр.
«Осындай фактілер анықталған жағдайда, негізсіз төлем алатын азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдер қысқартылады», – деді Біржанов.
Қаржы министрлігі өкілінің айтуынша, бұл шаралар әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттырып, бюджет қаражатын мақсатты пайдалануға мүмкіндік береді.
