Freedom Inside '26

Ұлыбритания депутаттары «Маша және аю» мультфильмін платформалардан алып тастауды талап етті

Ұлыбритания депутаттары «Маша және аю» мультфильмін платформалардан алып тастауды талап етті
«Вольга» компаниясы

Ұлыбританияның 50-ден астам депутаты елдің мәдениет министріне хат жолдап, ресейлік «Маша және аю» мультфильмін видеоплатформалардан алып тастауды сұрады. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін Netflix мультсериалдың екі жаңа маусымын көрсету құқығын сатып алып, оны 100-ден астам елде, соның ішінде британдық ITVX сервисінде ұсынуды жоспарлаған.

Депутаттардың айтуынша, мультфильмдегі төрт жасар Машаның кейбір әрекеттерінде пропагандалық сипаттағы элементтер бар. Олар әсіресе екі эпизодқа назар аударған: бірінде кейіпкер танк шлемін кисе, екіншісінде НКВД қызметкерлерінің бас киіміне ұқсас қалпақпен бейнеленген.

Хат авторларының пікірінше, мұндай көріністер балалар арасында кеңестік әскери символиканы қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға әсер етуі мүмкін.

Депутаттар өз мәлімдемесінде Украинаның Жалған ақпаратпен күрес орталығының тұжырымдарына сүйенген. Орталықтың бағалауынша, «Маша және аю» тек мультфильм емес, Ресейдің «жұмсақ күш» саясатының бір құралы. Онда Маша образы арқылы өзге халықтардың дәстүрлері келемежделіп, кеңестік рәміздер мен милитаристік тақырыптар қалыпты дүние ретінде көрсетілетіні айтылған.

Ал мультфильмді шығарған Animaccord студиясы бұл айыптаулармен келіспейді. Компанияның өкілі Мелани Бонвичино мұндай мәлімдемелерді «жалған ақпарат және жала» деп бағалап, студияның ешқандай мемлекеттік қаржыландыру алмайтынын мәлімдеді.