Украина президенті аппаратының экс-басшысы Андрей Ермак қамауға алынды

Украина президенті аппаратының экс-басшысы Андрей Ермак қамауға алынды
ашық дереккөз

Украина президенті аппаратының экс-басшысы Андрей Ермак қамауға алынды. Украинаның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғарғы соты оны 460 миллион гривнаны заңдастырды деген іс бойынша екі айға қамау туралы шешім шығарған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот Андрей Ермакты 60 тәулікке қамауға алып, 140 миллион гривна көлемінде кепілмен босату мүмкіндігін қарастырған. Ал Украина прокуратурасы кепіл сомасын 180 миллион гривна көлемінде белгілеуді сұраған.

Сот шешімімен Андрей Ермакқа іс бойынша күдікке ілінген басқа тұлғалармен байланысуға да тыйым салынды. Олардың қатарында Чернышов, Миндич, Лысенко, Опальчук, Сиранчук және Медведева бар.

Бұрынғы шенеунік өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, мұндай көлемдегі кепілді төлеуге қаражаты жоқ, алайда көмектесетін таныстары мен достары жеткілікті екенін айтқан. Сондай-ақ, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізген.

Кейін Украина депутаты Ярослав Железняк белгіленген кепіл сомасы жақын уақытта төленетінін хабарлады. Оның сөзінше, қаражатты заң саласындағы бірнеше адам бірігіп жинамақ.

Айта кетейік, Андрей Ермак 2020 жылғы ақпаннан бері Украина президенті аппаратын басқарған еді. Ол Владимир Зеленский командасындағы негізгі тұлғалардың бірі саналды. Былтыр энергетика саласындағы жемқорлық дауына байланысты қызметінен босатылды.