– Түркістан облысы – қазақ даласына қаншама дарындарды сыйлаған киелі мекен. Әнімен кең даланы тербетіп, Қазақ вальсінің королы атанған, Қазақстан Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың биыл туғанына 90 жыл толып отыр.
Отырарда туып, ән падишаһы атанған, қайталанбас дарын иесінің есімін ұлықтау – бізге артылған абыройлы міндет. Түркістан қаласының жаңа орталығында бой көтерген композитордың ескерткіші – облыс жұртшылығына, қазақ еліне мереке қарсаңында тамаша тарту болып отыр, – деді облыс әкімі.
Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 2,5 метр, ұзындығы – 3,5 метр. Авторы – Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, кәсіби шебер мүсінші Тілеуберді Бинашев. Ескерткіш демеушілер есебінен жасалды.
Композияға келер болсақ, бұл – Қалдаяқовтың шығармашылық ой үстінде отырған сәті. Сазгер бейнесінің жас жеткіншектерді өнерге, мәдениетке баулитын «Ақжайық» музыка мектебінің ауласында бой көтеруі – заңдылық. Халықтың суретке түсуіне, жақынырақ келіп көруіне ыңғайлы.
Қазақ руханиятының жандануына өлшеусіз үлес қосып, бүкір қазақ жерін тербеткен Шәмші бейнесі жас өнерпаздарды ізгілікке бағыттайтын бағдары болары сөзсіз. Түркі жұртының рухани астанасы – Түркістан қаласында дарынды тұлғалардың есімі ұлықталуы – қазақ руханиятындағы ілкімді істің бірі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі