АҚШ президенті Дональд Трамптың рейтингі төмендеп жатыр. Қазір америкалықтардың бір бөлігі ғана оның жұмысын қолдаса, көпшілік президент саясатына көңілі толмайтынын білдіріп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Соңғы сауалнамаларға қарағанда, Трампты қолдамайтындар саны қолдайтындардан едәуір көп. Бұл көрсеткіш оның екінші президенттік мерзіміндегі ең әлсіз кезеңдердің бірі ретінде бағаланып жатыр.
Сарапшылар рейтингтің құлдырауына бірнеше фактор әсер еткенін айтады. Соның ішінде ең басты себеп – экономика. Америкалықтардың басым бөлігі елдегі экономикалық жағдайды «орташа» немесе «нашар» деп бағалайды. Көпшілік бағаның өсуі, күнделікті шығынның артуы және өмір сүрудің қымбаттауына алаңдап отыр.
Иран төңірегіндегі әскери-саяси жағдай да Трамптың беделіне кері әсер еткен. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, сыртқы саясаттағы қиындықтардан да ауыр соққыны президентке ішкі экономика беріп отыр. Себебі қарапайым сайлаушы үшін ең маңызды мәселе – қалтасындағы ақша, азық-түлік бағасы және жанармай құны.
Трамптың инфляциямен күреске қатысты көрсеткіші де айтарлықтай төмендеген. Бұған жанармай бағасының өсуі әсер еткен. Бұған дейін бензин бағасы 3 доллардан төмен болғаны айтылса, қазір оның 4 доллардан асып кеткені халық наразылығын күшейтті.
Экономикалық қысым әсіресе алдағы аралық сайлау қарсаңында республикашылдар үшін қауіпті белгі болуы мүмкін. Кей болжамдарға сәйкес, демократтардың Өкілдер палатасында басымдық алуға мүмкіндігі жоғары. Ал Сенаттағы жағдай әзірге нақты емес.
Трампқа қатысты көңіл күй штаттар бойынша да әртүрлі. Демократтар басым өңірлерде оның рейтингі өте төмен. Бірақ алаңдатарлығы – оны 2024 жылы қолдаған штаттардың өзінде наразылық көбейе бастаған.
Президентті негізінен ақ нәсілді сайлаушылар мен ер адамдар көбірек қолдайды. Ал жастар, этникалық азшылық өкілдері, жоғары білімді азаматтар және зейнеткерлер арасында оған сенім әлсірегені байқалады.
Қоғамдағы басты мәселелер де саяси көзқарасқа қарай екіге бөлінген. Трампты жақтайтын республикашылдар үшін иммиграция, салық және мемлекеттік шығындар маңызды болса, демократтар денсаулық сақтау, климаттың өзгеруі және әлеуметтік қорғау мәселелеріне көбірек назар аударады.
Осылайша, Трамп рейтингінің төмендеуіне бір ғана себеп емес, бірнеше мәселе қатар әсер етіп отыр. Бірақ ең негізгі соққы экономикадан келді. Бағаның өсуі, бензиннің қымбаттауы және халықтың болашаққа сенімінің әлсіреуі президенттің саяси жағдайын қиындатып жіберді.