Трамп әкімшілігі АҚШ визасына сұхбаттасуды уақытша тоқтатты

Трамп әкімшілігі АҚШ визасына сұхбаттасуды уақытша тоқтатты
Фото: magnific.com

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі әлемдегі барлық америкалық елшіліктер мен консулдықтарда иммиграциялық виза алуға өтініш берген азаматтармен жүргізілетін сұхбаттарды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды dalanews.kz.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, бұл шешім консулдық қызметкерлерді арнайы оқыту бағдарламасына байланысты қабылданған.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, оқыту барысында қызметкерлерге болашақта АҚШ қоғамына қаржылық жүктеме түсіруі мүмкін және мемлекеттен әлеуметтік көмек алуға мұқтаж болуы ықтимал адамдарды анықтау тәсілдері үйретіледі. Мұндай қолдау америкалық салық төлеушілердің қаражаты есебінен көрсетіледі.

Қазіргі уақытта оқыту бағдарламасының қашан аяқталатыны және елшіліктерде визаға сұхбатқа жазылу процесі нақты қай кезде қайта басталатыны туралы ақпарат жарияланған жоқ.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім АҚШ-қа көшуді жоспарлап жүрген көптеген азаматтардың құжат рәсімдеу мерзіміне әсер етуі мүмкін. Алайда әзірге уақытша шектеудің қанша уақытқа созылатыны белгісіз болып отыр.