"Төрт баласының көз алдында оққа ұшты": Танымал блогердің өлімі жұртты дүр сілкіндірді

"Төрт баласының көз алдында оққа ұшты": Танымал блогердің өлімі жұртты дүр сілкіндірді
pixabay.com

Бразилияда 26 жастағы блогер Памела Гимарайнс қарулы шабуыл салдарынан қаза тапты. Қайғылы жағдай оның өз үйінің алдында болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алдын ала дерекке сәйкес, белгісіз ер адам блогердің үйіне көлікпен келіп, оны сыртқа шақырған. Памела қақпаға жақындағаннан кейін қысқа сөйлесіп, қайта аулаға қарай бет алған.

Сол сәтте күдікті оған оқ атқан. Шабуыл кезінде блогердің төрт баласы да үй маңында болған.

Ауыр жараланған Памела шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Памела Гимарайнс әлеуметтік желіде күнделікті тұрмысы, сән және ана болу тақырыбындағы жазбаларымен танылған. Оның кенже баласы бірнеше ай бұрын ғана дүниеге келгені хабарланды.

Блогер әлеуметтік желідегі соңғы видеосын 25 сәуірде жариялаған. Онда жақын адамға әрдайым қолдау көрсету туралы жазба қалдырған.

Қазіргі уақытта полиция қылмыстың мән-жайын анықтап жатыр. Күдіктіні іздеу жұмыстары жалғасуда.