Freedom Inside '26

Си Цзиньпин қазақ дәрігеріне Қытайдың ең жоғары орденін табыстады

Си Цзиньпин қазақ дәрігеріне Қытайдың ең жоғары орденін табыстады
CCTV

1 шілде күні Бейжіңдегі Халық жиналысы сарайында Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында елдің дамуына, қоғамның өркендеуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше үлес қосқан азаматтар марапатталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қытай Халық Республикасының төрағасы, Орталық әскери кеңестің төрағасы Си Цзиньпин партияның ең жоғары марапаты саналатын «1 шілде» орденін иегерлерге өзі табыстады. Биыл бұл мәртебелі наградаға ие болған 8 адамның қатарында қазақ ұлтының өкілі, ардагер дәрігер Оқас Сүлеймен де бар.

Оқас Сүлеймен ұзақ жылдар бойы шекаралық аймақтардағы тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп келген. Ол 40 жылдан астам уақытын ауыл-аймақты аралап, шалғай қыстаулар мен жайлаулардағы науқастарды емдеуге арнаған. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан, дәрігерлік қобдишасын серік етіп, ат үстінде жүріп халыққа қызмет еткен.

Ол Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Тарбағатай аймағы, Шәуешек өңіріндегі Дөрбілжін ауданы мал шаруашылығы ауруханасында ішкі аурулар бөлімінің бас дәрігерінің орынбасары болып жұмыс істеген.

1975 жылдан бері Оқас Сүлеймен 100 мыңнан астам науқасқа ем-дом жүргізген. Сонымен қатар бірнеше мың ауыр халдегі адамның өмірін сақтап қалып, 3 200-ден астам сәбидің дүниеге аман келуіне көмектескен.

Ауылдық медицина саласына сіңірген еңбегі үшін ол бұған дейін де бірқатар жоғары марапатқа ие болған. Атап айтқанда, «Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің үздік қызметкері», «Қытайдың 1 мамыр еңбек медалі» және «Ұлттар бірлігі мен прогресінің үздік қайраткері» атақтарымен марапатталған.

"1 шілде" ордені – Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары партиялық марапаты. Ол 2017 жылдың 22 шілдесінде енгізілген. Бұл орден бес жылда бір рет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша еңбек сіңірген партия мүшелеріне беріледі.

Оқас Сүлеймен – осы жоғары марапатқа ие болған тұңғыш қазақ азаматы. Оның ондаған жылға созылған дәрігерлік қызметі мен шалғайдағы халыққа жасаған еңбегі Қытай билігі тарапынан осылайша жоғары бағаланды.