Ресей "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы жабдықтарды аукционға шығарды

Қаракөз Амантай 16 мам. 2025 16:46 583

"Байқоңыр" ғарыш айлағындағы кейбір технологиялық құрылғылар сатылымға қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.  

РИА Новости мәліметінше, ашық саудаға шығарылған мүлік — Қазақстан мен Ресейдің бірлескен кәсіпорны "Бәйтерек" ұсынып отырған ғарыш айлағындағы өндірістік жабдықтар. Аукционға қатысуға өтінімдер 2025 жылғы 4 маусымға дейін қабылданады. Сол күні сауда да басталады. Бұл лот мемлекеттік мүлік аукционының ресми сайтында жарияланған.

Аукционға заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдік компаниялар да қатыса алады. Бірақ сатып алушы үшін бірқатар талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, келісім жасалған сәттен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде жабдықты бөлшектеп, алып кету үшін арнайы техникаға ие болуға немесе оны жалға алуға міндетті.

"Бәйтерек" компаниясының мәліметінше, бұл сатылым ғарыштық-зымыран кешенін жаңарту жұмыстарының бір бөлігі. Жоспар бойынша, осы жылдың соңына қарай кешеннің алғашқы сынақ ұшыруы жүзеге асырылады.

"Бұл жабдықтарды өткізу – бар инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және жаңа технологиялық жүйелерді орналастыруға дайындық шеңберінде жүргізіліп отыр. Жаңа жабдықтар жеткізіле бастады", – деп мәлімдеді компания.

Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей 2004 жылдан бері «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенін құру жобасын талқылап келеді. Сол жылы тараптар Байқоңыр базасында жаңа бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар