Қырғызстанда билікті басып алуға әрекет жасады деп айыпталған Қамшыбек Тәшиевтің ісі бойынша сот басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бішкектегі Первомай аудандық сотында Қырғызстан МҰҚК-нің бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиевке қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Ол билікті күшпен басып алуға дайындалды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, сот процесі құпия режимде өтіп жатыр. Осыған байланысты сот приставтары мен қызметкерлері зал орналасқан дәлізге де ешкімді кіргізбеген.
Бұған дейін адвокат Икрамидин Айтқұлов Қамшыбек Тәшиевке Қырғызстан Қылмыстық кодексінің "Билікті күшпен басып алу немесе ұстап тұру, сондай-ақ, конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер" және "Қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану" баптары бойынша айып тағылғанын мәлімдеген еді.
Бұл іске басқа да экс-шенеуніктердің қатысы бар. Алайда олардың нақты мәртебесі әзірге белгісіз.