"Құр сөз болып қалмасын": Нью-Йорк пен Токиоға тікелей рейстер қашан ашылмақ?

"Құр сөз болып қалмасын": Нью-Йорк пен Токиоға тікелей рейстер қашан ашылмақ?
Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов жаңадан ашылатын халықаралық әуе рейстері кешігіп жатқанын айтып, Көлік министрлігін сынға алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкімет отырысында премьер-министр Нью-Йорк, Токио және өзге де бағыттар бойынша тікелей рейстер ашу мәселесі көптен бері айтылып келе жатқанын, алайда нақты нәтиже жоқ екенін мәлімдеді.

"Нью-Йоркке, Токиоға, басқа да бағыттар бойынша тікелей жаңа рейс ашамыз" деп көптен бері әңгіме қозғап жатырмыз, әлі нәтиже жоқ. Қандай шаралар қабылдап жатсыздар?" -  деді Олжас Бектенов.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың мәліметінше, қазір Астанадан шетелге 34 халықаралық бағыт бойынша рейстер орындалады. Жыл соңына дейін тағы бес бағытты ашу жоспарланған.

Министрдің айтуынша, Токиоға тікелей рейс биыл төртінші тоқсанда іске қосылса, АҚШ-пен тікелей әуе қатынасы келесі жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр.

Премьер-министр көлік министріне "құр сөз болып қалмасын" деп ескерту жасады.