Allur қазақстандық автокөлік компаниясы мен жаңа энергия көздеріндегі интеллектуалды автокөліктерді өндіруші Li Auto компаниясы Астанада стратегиялық серіктестік туралы келісімдерге қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Келісім аясында Қостанайдағы Allur зауытында Li Auto автокөліктерінің сериялық өндірісі жолға қойылып, тараптар өндірісті жергілікті нарыққа бейімдеуге бағытталған ұзақ мерзімді ынтымақтастықты бастайды.
"Алғашқы шетелдік өндірістік серіктесті таңдауға аса жауапкершілікпен қарадық. Қазақстан – Li Auto автокөліктері Қытайдан тыс жерде шығарылатын алғашқы ел. Ал Allur брендіміздің өндірісін өз зауытында жүзеге асыратын әлемдегі алғашқы өндірістік серіктес атанып отыр. Бұл – Li Auto компаниясының жаһандық дамуы мен халықаралық өндірістік кооперациясының жаңа кезеңі", – деді Li Auto компаниясының халықаралық бизнес жөніндегі басқарушы директоры Нестор Ву.

Заманауи өндірістік инфрақұрылым, тәжірибелі мамандар, сапаны бақылаудың тиімді жүйесі және халықаралық автокөлік брендтерін жергілікті жерге бейімдеу Allur компаниясының Li Auto-ның алғашқы шетелдік өндірістік серіктесі ретінде таңдалуына негіз болды.
"Li Auto компаниясының Қытайдан тыс алғашқы өндірістік серіктесі атану – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бізге артылған сенім үшін әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз. Бұл екі тарап та мақтан тұтатын жобаның бастамасы болады деп сенеміз. Ортақ құндылықтарға, жоғары сапа стандарттарына және тұтынушыларға озық технологиялы автокөліктер ұсынуға деген ұмтылыс біздің серіктестігіміздің негізі. Сонымен қатар бұл ынтымақтастық цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы заманауи технологияларды енгізуге жол ашады", – деді Allur компаниясының президенті Оксана Холстинина.

Жобаның алғашқы кезеңінде Li L6, Li L8 және Li L9 модельдерін шығару жоспарланып отыр. Кейін өндірілетін модельдер қатарын кеңейту және өндіріс көлемін арттыру көзделген.
Бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, елімізде жаңа энергия көздеріндегі автокөліктерді (New Energy Vehicles) өндіру саласының дамуына серпін береді.

Өндірісті іске қосуға дайындықпен қатар Allur компаниясы Қазақстандағы Li Auto ресми дилерлік желісін кеңейтіп келеді. Қазіргі таңда брендтің ресми дилерлік орталықтары Астана мен Алматы қалаларында жұмыс істейді. Олар автокөліктерді сату, кепілдік және сервистік қызмет көрсетудің толық спектрін ұсынады. Алдағы уақытта дилерлік және сервистік желіні еліміздің өзге өңірлерінде де дамыту жоспарланып отыр.
Келісімге қол қою аясында Астанада Li Auto брендінің жаңа автосалоны ашылды. Аумағы 350 шаршы метрден асатын Boutique Showroom форматындағы жаңа шоурум премиум деңгейдегі сервис, цифрлық технологиялар және әрбір клиентке жеке қызмет көрсету қағидатын біріктіреді. Бұл орталық Li Auto брендін Қазақстанда дамыту стратегиясының маңызды бөлігіне айналып, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетеді. Дилерлік орталық Қ. Мұхамедханов көшесі, 5 мекенжайында орналасқан.