Freedom Inside '26

Қазақстанға келетін шетелдіктерге электрон кіру рұқсаты беріледі

Қазақстанға келетін шетелдіктерге электрон кіру рұқсаты беріледі
ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы және көлік саласындағы озық технологияларды реттеу мәселелеріне қатысты маңызды заңға қол қойды. Құжат аясында "Халықтың көші-қоны туралы" заңға бірқатар өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа нормаларға сәйкес Қазақстанға келетін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар үшін электрон кіру рұқсаты енгізіледі. Бұл құжат шетелдіктерге ел аумағына кіруге және Қазақстан арқылы транзитпен өтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, заңда иммигранттардың бірыңғай цифрлық деректер базасы, шетелдіктерге арналған цифрлық платформа және иммигранттың цифрлық профилі сияқты жаңа ұғымдар пайда болды.

Енді Қазақстанға келген иммигранттар жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өтеді. Ол үшін олардың жеке және биометриялық дерегі өңделіп, арнайы цифрлық профиль қалыптастырылады.

Электрон кіру рұқсатын Ішкі істер органдары Ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу арқылы береді. Құжатты рәсімдеу ақылы болады. Төлем мөлшері мен тәртібін Үкімет белгілейді.

Түскен қаражаттың бір бөлігі шекара арқылы кіру мен шығуды есепке алатын цифрлық жүйелерді дамытуға жұмсалса, қалған бөлігі елдегі туризмді дамытуға бағытталады.

Заң ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң күшіне енеді.