Қазақ болу бәрінен жоғары тұруы керек

Dalanews 24 қыр. 2017 13:45 967

Мен – қазақпын. Сіз де қазақсыз. Ол да қазақ. Бәріміз қазақпыз. Алайда біз өзіміз ардақтайтын жеке бас қүндылықтарымызды қазақтықтан жоғары қоямыз. Ал оның біздің ұлттық тұтастығымызға кері әсер етіп жатқандығына тіпті бас та қатырмаймыз.



Бас қатырмайтындығымыз сонша, біз қазір әлгі өзіміз әспеттейтін жеке бас құндылықтарымызды қоғамдық талқылауға шығарып, осы орайда өз мүдделестеріміз шоғырын қалыптастыра бастадық. Бұл тұрғыда оң нәтиже көрсете бастағандар "Енді осы ойды әрі қарай қанаттандырып, партия құрсақ та болады-ау" деген де қиялға ерік бере бастайды. Жалпы осындай арман жетегінде жүрген күштер аз емес.

Жоғарыда да айтқанымыздай ол арман-тілектердің бәрі қазақ болудан үстем тұр. Сонда ол қандай арман-тілектер? Санамалап көрейік. Бірінші – рушылдық, екінші – жершілдік, үшінші – діншілдік, төртінші – ұлтсыздық, бесінші... Осылай санамалай беруге болады.

Мәселен мен не үшін өзге бір қазақты оның діни ұстанымы менікімен үйлеспегендігі үшін неге жек көруім керек? Себебі, біздің ол ұстанымдарымыздың қай-қайсысы да қазақтықтан биік тұр. Сондықтан бізге ең әуелі қазақ болу керек. Сонда ғана біз оның жеке ұстанымына бас қатырмайтын, әрі сол ұстаным бойынша топтаспайтын боламыз. Алайда қазақ бола салу оңай емес. Ол үшін... Сіз не ұсынар едіңіз?

 

Құдияр БІЛӘЛ, жазушы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар