Өзбекстанның Ташкент облысы Бостанлық ауданындағы Қараманас ауылында орналасқан №34 мектепке қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, аудармашы әрі қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл шешім Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен және Ташкент облысы әкімінің шешімі негізінде қабылданған.
2026 жылғы 2 қыркүйекте Рахметолла Райымқұлов атындағы №34 мектепте жаңа оқу жылының басталуына және жазушының есімін туған жерінде ұлықтауға арналған мерекелік шара өтеді.
Оған Өзбекстан мен Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен білім саласының өкілдері, қаламгерлер, әдебиеттанушылар, сондай-ақ жазушының ұрпақтары қатысады. Қонақтар қатарында Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, жазушылар Құлбек Ергөбек пен Нұрғали Ораз бар.
Іс-шара барысында жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылып, жаңартылған мектеп кітапханасы мен Рахметолла Райымқұловқа арналған мемориалдық бұрыш ашылады. Сонымен қатар кітапхана қорына жаңа кітаптар табысталып, оқушыларды жазушының шығармашылығымен таныстыруға арналған рухани-ағартушылық кеш ұйымдастырылады.
Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы Ташкент облысы Бостанлық ауданының Қараманас ауылында дүниеге келген. Ол қазақ және өзбек әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, екі халық арасындағы рухани байланысты нығайтуға елеулі үлес қосқан.
Қаламгердің белгілі шығармаларының қатарында "Жасыл белес", "Түйелі адам", "Балдақты адам", "Қара жорға" романы және басқа да туындылар бар.