Ошта күйеуі ұрды деген күдікпен ауруханаға түскен әйел қайтыс болды

Ошта күйеуі ұрды деген күдікпен ауруханаға түскен әйел қайтыс болды
Еркек пен әйел. Көрнекі фото: Philippe TURPIN / Getty Images

Ош облысында ауыр дене жарақаттарымен ауруханаға түскен 1989 жылы туған Н.Г. есімді әйел қайтыс болды. Бұл ақпаратты облыстық полиция растады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәлімет бойынша, әйел 29 тамыз күні сағат 19:00-де көз жұмған.

Бұған дейін, 17 тамызда 1989 жылы туған Н.Г. дене жарақаттарын алып, Қара-Кулжа аудандық ауруханасына жүгінгені хабарланған. Зардап шегушінің алған жарақаттарының ауырлық дәрежесін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалып, жиналған материалдар аумақтық тиістілігі бойынша Өзгөн аудандық ішкі істер бөліміне жіберілген.

Оқиғаға қатысы болуы мүмкін бірнеше азамат Өзгөн аудандық ішкі істер бөлімінде сұралған. Куәгерлер мен тараптардың жауаптарында қарама-қайшылықтар болғандықтан, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 136-бабы – "Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта марқұм әйелдің нақты неден қайтыс болғанын анықтау үшін қайтадан сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр.