Нью-Йоркте ірі банк басшыларының бірі пышақ шабуылынан қаза тапты

Нью-Йоркте ірі банк басшыларының бірі пышақ шабуылынан қаза тапты
ашық дереккөз

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында болған пышақ шабуылы салдарынан Bank of America банкінің вице-президенті Эрин Пьяченти көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға Таймс-сквер маңында болған. Қолында екі пышағы бар әйел көшеде келе жатқан адамдарға шабуыл жасаған. Соның салдарынан Эрин Пьяченти ауыр жараланып, ауруханада қайтыс болды. Тағы бір адам жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген.

Полиция шабуыл жасаған әйелді тоқтатуға тырысқан. Алайда ол тәртіп сақшыларының талабына бағынбағандықтан, оқ атылып, күдікті оқиға орнында көз жұмған.

Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл банк қызметкеріне арнайы бағытталмаған. Құқық қорғау органдары күдіктінің жолыққан адамдарға кездейсоқ шабуыл жасағанын айтады.

Эрин Пьяченти Bank of America банкінде жаңа мәмілелерді тексеру және мүдделер қақтығысына байланысты мәселелерді бақылаумен айналысқан. Әріптестері оны өз ісінің білікті маманы ретінде сипаттайды.

Bank of America басшылығы қызметкерінің қазасына байланысты көңіл айтып, оның банк ұжымы үшін маңызды маман болғанын мәлімдеді.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.