"Мемлекеттік қаражат бақылауда болуы тиіс!" Саиров инфрақұрылымдық жобалардағы былықты айтты

Көркем Алдабергенова 12 ақп. 2025 15:02 1123

Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров инфрақұрылымдық жобаларға миллиардтаған бюджет қаражаты бөлініп жатқанымен, жұмыс сапасына көптің көңілі толмайтынын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, соңғы жылдары инфрақұрылымдық нысандар құрылысының қымбаттауы айтарлықтай тенденцияға айналды. Бұл жобаларды Үкімет те, өңірлік билік те жүзеге асыруда.

"Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол салу саласындағы жобалық-сметалық құжаттама құнының 10 миллиард теңгеге жуық негізсіз қымбаттауын анықтады. Мердігерлер бағаның жасанды түрде көтерілуін және жаңа қаржылық құжаттаманы қайта қарауды шартты қатынас ретінде қабылдайды. Алматыдағы метро құрылысы кезінде мердігер «Базис-А» компаниясына әр жолы миллиардтаған теңге қосымша бөлінеді, алайда жұмыс көлемі қысқартылып келеді", дейді мәжіліс депутаты. 

Сонымен қатар, Екібастұзда үшінші энергоблок салу мәселесі 30 жылдан бері талқылануда.

"2012 жылдың қаңтарында Екібастұз ГРЭС-2 қазандығы мен турбоагрегатын дайындауға 73,9 миллиард теңгеге келісімшарт жасасып, 38 миллиард теңге алдын ала төлем жасаған. Алайда, бүгінге дейін құрылыс аяқталмаған. Жоғарғы аудиторлық палатаның мәліметінше, 2023 жылы газ құбырын салу жобасының құны 10 миллиард теңгеден астам негізсіз қымбаттаған. Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады", дейді Саиров.

Ерлан Саировтың сөзінше, тек негізсіз баға өсімін болдырмау арқылы халық қаржысынан жүздеген миллиард теңгені үнемдеуге болады.

«AMANAT» фракциясы мемлекеттік қаражатты жұмсауда қатаң тәртіп орнату және жобалардың негізсіз қымбаттауына жол бермеу уақыты келгенін мәлімдейді. Мемлекеттік қаражат бақылауда болуы тиіс! Тойымсыз мердігерлерді асырауды тоқтату керек, тапсырыс берушілердің шексіз тәбетін тежеу қажет! Осыған байланысты, инфрақұрылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражатының жоспарлануы мен мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алуды сұраймын", дейді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар