Мемлекет экс-президенттің інісі Болат Назарбаевпен байланысты болған Шамалған ауылындағы 142 га жер учаскесін тағы да сата алмады. Бұл туралы ақпарат электрондық сауда алаңының сайтында пайда болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бүгін, 5 ақпан күні, сағат 10:00-де мемлекет қайтарылған активтерді басқару компаниясының атынан Алматы облысының Шамалған ауылындағы көркем жайлауда орналасқан 142 га жерді екінші рет аукционға қойды. Оның бастапқы бағасы 127,8 млн теңге болды.
Алайда аукцион өтпеді. Себебі: аукцион басталған сәтте тіркелген қатысушылар болмаған.
Саудаға қойылған жер Назарбаевтар отбасына тиесілі «Үш-Қоңыр» резиденциясының жанында орналасқан. Ресми деректерге сәйкес, 2016-2020 жылдар аралығында бұл жер Жанар Алдаш пен Ерік Сейтовқа тиесілі болған. 2020 жылдың желтоқсанында ол «Steppe AgroMeat» ЖШС-не сатылды. Ал 2024 жылдың қыркүйегінде меншік иесі бұл жерді қайтарылған активтерді басқару компаниясына сыйға тартқан.
«Steppe AgroMeat» ЖШС-нің құрылтайшылары арасында, ол мемлекетке берілгенге дейін, Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевпен байланысты компаниялар болған. Нұрбол Назарбаев 2022 жылдан бері Қазақстанның ең бай кәсіпкерлерінің тізіміне енген. 2024 жылы Forbes Kazakhstan журналы оның байлығын 170 млн доллар деп бағалады.
eGov анықтамасына сәйкес, 2023 жылға дейін «Steppe AgroMeat» компаниясының бенефициары Болат Назарбаев болған.