Made in KZ: Samsung жасанды интеллект функциялары бар кір жуғыш машиналар өндірісін жергіліктендіреді

Қаракөз Амантай 28 сәу. 2025 18:09 182

Silk Road Electronics — өңірдегі тұрмыстық техника өндірісінің көшбасшысы. Компания оңтүстіккореялық Samsung Electronics корпорациясымен бірге Silk Road Electronics зауытында жасанды интеллект функциялары бар кір жуғыш машиналарды өндіруді жергіліктендіру жөнінде стратегиялық әріптестік орнатқанын жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл – жаһандық ынтымақтастық пен Қазақстанның машина жасау саласындағы технологиялық дамуының жаңа кезеңі. Silk Road Electronics базасында өндірістің әрбір кезеңі қатаң бақылауға алынған, Samsung стандарттарына толық сай интеллектуал кір жуғыш машиналар шығарылады. Өнімдер жаһандық энергия тиімділігі, сенімділік және қауіпсіздік талаптарына жауап береді әрі инновациялық функциялар мен шешімдерді ұсынады.

Samsung компаниясының заманауи кір жуғыш машиналары — жай ғана тұрмыстық техника емес, үйдегі жайлылықтың интеллектуал орталығы. AI технологиялары негізінде кеңейтілген функциялар арқасында олар көптеген тапсырманы пайдаланушының қатысуынсыз өздері орындайды және үйдегі өмірді барынша ыңғайлы етеді.

"Бұл келісім – біздің мүмкіндіктерімізге, командамызға және даму жолымызға деген сенімнің көрінісі. Samsung Electronics-пен бірге біз дамуымыздың жаңа кезеңіне өтеміз: біз бірге болашақтың технологияларын бүгін жасаймыз", – деп атап өтті Silk Road Electronics компаниясының директоры Александр Критский.

Жаңа келісім екі компания арасындағы сәтті әріптестіктің жалғасы болды. 2024 жылдың желтоқсанында Silk Road Electronics зауытында Samsung теледидарларын бірлесіп өндіру туралы алғашқы келісімге қол қойылған болатын. Осылайша, Samsung Қазақстандағы өндірістік қатысуын дәйекті түрде кеңейтіп, елді тұрмыстық техника өндіру бойынша өңірлік хабтардың біріне айналдырып жатыр.

"Silk Road Electronics-пен әріптестік қарым-қатынасымыздың жаңа парағын ашады: Samsung-тың озық әзірлемелері мен серіктесіміздің жоғары технологиялық өндірістік мүмкіндіктерін біріктіре отырып, біз инновациялар экожүйесінің қалыптасуына жол ашып, тұтынушыларға ең жоғары деңгейдегі жайлылық пен сенімділік ұсынамыз", – деді Samsung Electronics компаниясының тұрмыстық техника сату бөлімінің жетекшісі Данияр Ибраев.

Өндірісті іске қосу 2025 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған. Бастапқы кезеңде барлық өнім Қазақстанның ішкі нарығына бағытталады. Жақын уақытта экспорт жоспарланбаған, алайда болашақта шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл Samsung пен Silk Road Electronics компанияларына халықаралық аренадағы өз позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар