Жеке кәсіпкерлер 1 наурызға дейін салық режимін растауға міндеттелді

Қаракөз Амантай 23 жел. 2025 15:11

Қазақстанда жеке кәсіпкерлер (ЖК) 2026 жылдың 1 наурызына дейін оңайлатылған салық режимін таңдау жөнінде өтініш ұсынуы тиіс, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әйтпесе олар автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне көшіріледі. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жүрген барлық тұлға белгіленген мерзімге дейін салық режимін таңдағаны жөнінде хабарлама жолдауы қажет.

“Егер кәсіпкер қазір оңайлатылған режимде жұмыс істеп жүрсе, 1 наурызға дейін осы режимде қалатынын растап, хабарлама тапсыруы керек. Ал аталған мерзімге дейін оңайлатылған декларацияны таңдау туралы хабарлама бермегендер автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу режиміне ауыстырылады”, — деді ол.

Сонымен қатар қазіргі кезде жалпыға бірдей режимде жұмыс істеп жүрген жеке кәсіпкерлер де оңайлатылған режимге көшуге ниет білдірсе, 2026 жылғы 1 наурызға дейін тиісті хабарламаны жіберуі қажет.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар