Атырау қаласының орталық мешіті "Құспан молла" мешітінің имамына қатысты ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Атырау облысының орталық "Иманғали" мешіті кейбір сайттарда, әлеуметтік желілерде Атырау қаласының "Құспан молла" мешітінің имамына қатысты тараған ақпараттың жалған жала екенін мәлімдейді.
Біріншіден, Атырау қалалық "Құспан молла" мешітінің имамы қызметін пайдаланып, мүфтиятқа балық, уылдырық жібереді деген сөз жала. Мүфтиятқа Атыраудан "сыйлық" жіберу деген болған емес. Екіншіден, мешіт имамы бола тұра, үнемі насыбай, анаша шегеді, массажға барады деген сөздер мүлде ақылға сыймайды. Себебі "Құспан молла" мешіті қаладағы ірі құлшылық орындарының бірі болғандықтан, бұл жерде атқарылатын жұмыс көлемі өте көп. Сондықтан мешіттің бас имамы болғандықтан, салмақ та осы кісіге түседі. Яғни, имамның негізгі уақыты мешітте өтеді", делінген Атырау орталық мешіті хабарламасында.
Сонымен бірге имам қызметін пайдаланып, қора-қора мал жиды деген сөз де жалған екенін ескертті. Айтуларынша, қазіргі уақытта имамның күнделікті сауынға ұстап отырған бір бас сиыры мен бір бас түйесі ғана бар.
"Атыраудың кәсіпкерлері арқылы мал жиды, байыды деген сөз шындыққа жанаспайды. Кәсіпкерлер арасында мешіттің керек жабдықтарына заттай көмек көрсетеді. Кәсіпкерлер тарапынан көрсетіліп отырған көмек түрі мешіттің ішкі құжаттарына есепке алынып отырады", - дейді мешіттегілер.
Еске салайық, Атырау қаласындағы "Құспан молла" мешітінің қызметкерлері бас имам Эммат Ғұмаровқа қатысты шағымдарын журналист Ораз Әлімбекке хат арқылы жеткізген еді.
Хатта мешіт қызметкерлері Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Өтпеновке бірнеше мәрте арыз жазғандарын, алайда ешқандай шара қолданылмағанын мәлімдейді. Мешіт жамағатының жанайқайы жауапсыз қалды деп шағымданған.
Журналист Ораз Әлімбек хатты жариялай отырып, арыздағы айыптаулардың шындыққа сәйкес келу-келмеуін білмейтінін, бірақ мәселені мүфтияттың назарына жеткізу қажеттігін атап өтті.
"Төмендегі арызда айтылған айыптаудың рас яки өтірігін білмедім. Мүфтият қалай да жамағаттың жанайқайына назар аударып, осы арыз бойынша тексеру жүргізуі тиіс. Себебі, мешіт имамын тағайындау Бас мүфтидің бұйрығы бойынша жүзеге асады. Ал менің қолымда тұрған не бар?!. Мен Ақиқат пен Әділдік іздеген жалаңаяқ журналистің бірімін ғой, – деген ол мешіт жамағатының хатын жариялады.
Имамға тағылған айыптар
Арызда Эммат Ғұмаровтың діни қызметін жеке пайдасы үшін пайдаланатыны айтылған. Айтуларынша, имам садақа мен кәсіпкерлердің қолдауын жеке қажеттілігіне жаратып, байлыққа ие болған. Сонымен қатар хатта оның шариғатқа қайшы әрекеттерге, соның ішінде жеңілтек қыздармен байланыста болу және шылым шегу секілді әрекеттерге барғаны айтылады.
Ең сорақысы, жамағат имамның Құранды дұрыс оқи алмайтынын, діни білімінің таяз екенін, мешіт мінберінде көргенсіз анекдоттар айтып, өзін сайқымазақтай ұстайтынын да мәлімдеген.
"Атыраулық кәсіпкерлер мен меценаттардың арқасында әбден байыды, соның арқасында үйір-үйір жылқысы, жүздеген түйе мен сиыр-қойы бар.
Сонымен қатар Эммат Ғұмаров Құранды тәжуид бойынша қате оқиды, діни білімі өте нашар. Ең сорақысы тәнін сататын жеңілтек қыздарға барып, боди массаж жасатып, жыныстық қатынасқа түсетінін дүйім жамағат біледі.
Дінімізде тиым салынған темекі, насыбай, анаша да шегеді. Өзі құдды бір имам емес, театрда қызмет жасайтын сайқымазақ секілді үнемі былапыт-көргенсіз анекдоттар айтады. Эммат Ғұмаров 30-жыл бойы елді сорлатып, сәләфизмнің Қазақстанда таралуына мүдделі Нұрсұлтан Назарбаевты үнемі мадақтауын тоқтатқан емес", - делінген хатта.