АҚШ-та Калифорния штатының Сан-Диего қаласындағы мешітте болған атыс салдарынан бес адам қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы оқиға 18 мамырда жергілікті уақытпен таңғы 11:40 шамасында болған. Полиция оқиға орнына жедел жетіп, жағдай бақылауға алынғанын хабарлады.
Қала полициясының басшысы Скотт Уолдың айтуынша, қаза тапқандар арасында мешіттің күзетшісі де бар. Алдын ала мәлімет бойынша күдіктілер өздеріне қол жұмсаған болуы мүмкін. Сондай-ақ, бірнеше адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Полиция шабуылды діни өшпенділік негізінде жасалған қылмыс ретінде қарастырып жатыр. Себебі қарулы шабуыл діни нысан аумағында болған.
Оқиға мешіт пен мектеп орналасқан кешенде тіркелген. Шабуыл кезінде ғимарат ішінде балалар да болған. Алайда олардың барлығы қауіпсіз жерге эвакуацияланып, зардап шекпеген. Мектепте араб тілі, исламтану және Құран сабақтары өтіп жатқан.
Құқық қорғау органдары мәліметінше, кейін оқиға орнынан бірнеше квартал жерден көліктің ішінен 17 және 19 жастағы екі жігіт өлі табылған. Олар өздеріне оқ атқан деген болжам бар.