Иранның оңтүстігіндегі Хормозган провинциясында үйлену тойы өтіп жатқан кезде соққы жасалып, бірнеше адам қаза тапты. Тағы ондаған тұрғын жарақат алған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Иран билігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан төрт адам көз жұмған. Ал кейбір ақпарат құралдары Иранның Қызыл жарты ай қоғамына сілтеме жасап, қаза тапқандар саны бес адамға жеткенін жазды.
Хормозган провинциясы губернаторының орынбасары Ахмад Нафистің айтуынша, оқиғадан 68 адам зардап шеккен.
Иран тарапы шабуылды АҚШ жасады деп мәлімдеп отыр. Ел парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің басшысы Эбрахим Азизи бұл оқиғаның жауапсыз қалмайтынын айтты.
"Кухестактағы үйлену тойына шабуыл жасап, бейбіт тұрғындарды өлтіру – адам құқығын қорғаушы болып көрінетіндердің күйзеліске ұшырағанының айқын дәлелі. Олар бұған дейін Минаб пен Ламердте жасаған қатыгездіктерін қайталап отыр. Бұл қылмыстар жазасыз қалмайды", – деді Азизи.
Ол сондай-ақ шабуылға қатысы бар адамдар Иран қарулы күштерінің жауабынан құтыла алмайтынын мәлімдеді.
Әзірге қаза тапқандардың нақты санына қатысты түрлі мәлімет айтылып отыр.